Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылау мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағытта партияның қалалық филиалы жанындағы Өңірлік дамыту аймақтық кеңесі көшпелі жиын өткізіп, маңызды инфрақұрылымдық нысандардың бірі – кіші айналма жолының құрылыс барысымен танысты.


Көшпелі жиын Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысында өтті. Іс-шараға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, кеңес төрағасы Лазиз Сулайманов, Қаратау аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев және кеңес мүшелері қатысты.
Жұмысшы топ партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан кіші айналма жолының құрылыс барысын жан-жақты зерделеді. Жауапты сала мамандарының мәліметінше, нысан құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жоспар бойынша жоба 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Дегенмен, жиын барысында құрылыс жұмыстарына белгілі бір кедергілер де бар екені айтылды. Атап айтқанда, құрылыс белдеуіне түсіп тұрған кейбір жер телімдері уақытша қиындықтар туындатып отыр. Осы мәселелерді шешу үшін тиісті мемлекеттік органдар тарапынан нақты шаралар қолға алынғаны жеткізілді.
Кеңес мүшелері нысанның қазіргі жағдайымен танысып, өзекті деген сұрақтарын қойып, жауапты мамандардан нақты мәліметтер алды. Жиын барысында құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуы басты назарда болуы керектігі ерекше атап өтілді.


Өз кезегінде Ербол Байқонысов аталған жобаның маңыздылығына тоқталып, оның уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді:
«Бұл – партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген маңызды нысан, яғни халық алдында берілген нақты уәде. Сондықтан оның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы – баршамызға ортақ міндет. Осыған байланысты барлық жауапты мекемелер жұмысты күшейтіп, қатаң бақылауға алуы тиіс. Алдағы уақытта осында партиялық бақылау бекеті ашылып, құрылыс барысы тұрақты түрде қадағаланып отырады», – деді ол.
Айта кетейік, кіші айналма жолы іске қосылған жағдайда, аталған аумақтағы көлік жүктемесі едәуір азайып, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындар үшін қолайлылығы арта түседі. Бұл жоба – қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.
#AMANAT
