Түркістан облысында қаржы инфрақұрылымын дамыту бағытында маңызды қадам жасалып, Банк Центр Кредит АҚ-ның облыстық филиалы ашылды. Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және халыққа қолжетімді қаржылық қызметтер ұсынуға жаңа мүмкіндік береді.
Осыған орай өткен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек банк өкілдерімен жүздесті. Атап айтқанда, Банк Центр Кредит АҚ-ның вице-президенті, басқарма мүшесі Нұрлан Шегебаев және Түркістан облыстық филиалының директоры Нұрсұлу Егембердиева қатысып, өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында қаржы саласындағы серіктестікті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді банктік қызмет көрсету бағыттары сөз болды. Тараптар өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуда қаржы институттарының рөлі ерекше екенін атап өтті.
Өз сөзінде Қанат Қайыпбек Түркістан облысында халық санының 2 миллионнан асқанын және кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар санының артып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, шағын және орта бизнес – өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші, сондықтан кәсіпкерлерді қолдау әрдайым басты назарда болады. Осы тұрғыда жаңа қаржы ұйымдарының келуі нарықтағы бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Ал Нұрлан Шегебаев банк қызметінің негізгі бағыттары мен жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ол Түркістан қаласында Банк Центр Кредит АҚ-ның жаңа облыстық филиалы ашылғанын ресми түрде мәлімдеп, өңірлік филиалдың жаңа директоры Нұрсұлу Егембердиева екенін таныстырды. Сонымен қатар алдағы уақытта заманауи жаңа ғимарат салу жоспарда бар екенін және нақты инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.
Жаңа филиалдың ашылуы – өңірдегі кәсіпкерлер үшін тиімді қаржыландыру көздеріне қол жеткізуді жеңілдетеді. Бұл өз кезегінде жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыруға, жұмыс орындарын ашуға және экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар халыққа көрсетілетін қаржылық қызметтердің сапасы артып, банктік өнімдердің қолжетімділігі кеңейеді.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Жалпы алғанда, Банк Центр Кредит филиалының ашылуы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды қадам болып отыр.
