Қазіргі таңда қоғамның әрбір мүшесі күнделікті өмірде түрлі тауарлар мен қызметтерді тұтынып отыр. Азық-түлік сатып алу, медициналық қызмет алу, көлік пайдалану немесе онлайн сервистерге жүгіну – мұның барлығы адамды тұтынушы ретінде сипаттайды. Осыған байланысты тұтынушы құқығын білу мен оны қорғау мәселесі күн өткен сайын өзекті бола түсуде.
Өкінішке қарай, нарықтық қатынастар жағдайында сапасыз тауар алу немесе қызмет көрсету барысында олқылықтарға тап болу жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай кезде тұтынушылар өз құқықтарын білмеген жағдайда қаржылық шығынға ұшырап қана қоймай, моральдық және материалдық зиян көруі мүмкін. Сондықтан әр азаматтың құқықтық сауаттылығы оның өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасында тұтынушылардың құқықтары заңмен қорғалған. Бұл бағытта мемлекеттік органдар жүйелі жұмыс жүргізіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Соның ішінде Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мамандар тұрғындарға өз құқықтарын түсіндіру, заңды тетіктерді қолдану жолдарын үйрету және туындаған мәселелерді шешуге көмектесу бағытында қызмет атқарады.
Тұтынушының негізгі құқықтарына тауардың қауіпсіздігі мен сапасына талап қою, өнім немесе қызмет туралы толық ақпарат алу, сапасыз тауарды айырбастау немесе қайтару, келтірілген зиянды өтеуді талап ету, сондай-ақ сатушымен еркін шарт жасау құқығы жатады. Сонымен қатар тұтынушы сатып алу фактісін растайтын құжат алуға және қоғамдық тұтынушылар бірлестіктеріне қатысуға да құқылы.
Мамандардың айтуынша, тұтынушы ең алдымен өзі сатып алатын тауар немесе пайдаланатын қызмет туралы толық ақпарат алуға ұмтылуы тиіс. Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне көз жеткізу – кез келген тұтынушының негізгі міндеттерінің бірі болып саналады. Ал құқық бұзылған жағдайда азаматтар тиісті органдарға жүгініп, заң аясында өз мүддесін қорғауға мүмкіндігі бар.
Түркістан облысы тұрғындары тұтынушы ретінде құқықтары бұзылған жағдайда арнайы мекенжайға жүгіне алады. Атап айтқанда, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағынауданы, 32-көше, 16-ғимарат, А-блок, 4-қабат, 427-бөлмеде орналасқан департаментке өтініш білдіруге болады.
Мамандардың пікірінше, тұтынушылардың құқықтық сауаттылығы артқан сайын нарықтағы әділдік деңгейі де жоғарылай түседі. Сондықтан әрбір азамат өз құқығын біліп қана қоймай, оны қорғауға да дайын болуы тиіс.
