Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру акциясы өтті. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жасыл желек көлемін арттыруды мақсат еткен бұл іс-шара қала аумағындағы ең ірі экологиялық бастамалардың бірі ретінде ұйымдастырылды.
Игі шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, табиғат жанашырларымен бірге ағаш көшеттерін екті. Сонымен қатар облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары мен қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, қала тұрғындары, коммуналдық сала өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелері де белсенді түрде атсалысты.
Өңір басшысы қатысушылармен кездесіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы бір реттік акция емес, қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.
– «Таза Қазақстан» – уақытша науқан емес, ол біздің өмірлік қағидамыз болуы керек. Егер біз күнделікті өмірде ағаш егіп, тазалықты сақтап, оны жастарға үлгі ретінде көрсетсек, онда бұл бастама нақты нәтижесін береді. Барша тұрғындарды туған өлкені көгалдандыруға үлес қосуға шақырамыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Ауқымды экологиялық акция барысында Түркістан қаласының кіреберіс аумағында жаппай ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Бір күн ішінде 1200 түп Қырым қарағайы және 1000 түп жапырақты ағаш егілді. Жалпы саны 2200 көшет отырғызылып, қалаға кіреберіс жасыл белдеу айтарлықтай кеңейтілді.
Мамандардың айтуынша, егілген ағаштар алдағы жылдары өсіп, Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға, ауа сапасын арттыруға және қаланың көркіне ерекше сән беретін саялы жасыл аймаққа айналмақ. Бұл аумақ болашақта тұрғындар мен қонақтар үшін демалыс аймағы ретінде де пайдаланылуы мүмкін.
Шара таңғы 07:30-да басталып, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Қатысушылар көтеріңкі көңіл-күйде еңбек етіп, табиғатты қорғауға үлес қосқанын зор жауапкершілікпен сезінді. Экологиялық акция соңында қатысушылар алдағы уақытта да мұндай бастамалардың жалғасын табуы қажет екенін атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2021–2025 жылдар аралығында 800-ден астам елді мекенде жалпы 3,6 миллионнан астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Бұл – өңірдің жасыл қорын арттыруға бағытталған ірі экологиялық бағдарлама.
Сонымен қатар 2026 жылға дейін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағында 1 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес нақты көгалдандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, Түркістан қаласында өткен бұл экологиялық акция өңірдің табиғатты қорғау мәдениетін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және қаланың жасыл келбетін қалыптастыруға елеулі үлес қосты.
