Ордабасы ауданында ел тарихындағы маңызды оқиғалармен тығыз байланысты киелі мекендердің бірі – Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы аумағында жаңа «Ордабасы сапар орталығы» салтанатты түрде ашылып, ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл нысан өңірдің тарихи-мәдени туризмін дамытуға, ішкі және сыртқы туристерге сапалы қызмет көрсетуге бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба болып саналады.
Сапар орталығы Бадам ауылдық округі аумағында орналасқан. Жоба 2020 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әзірленіп, 2021 жылы құрылыс жұмыстары басталған болатын. Көпжылдық жоспарлы еңбектің нәтижесінде бүгінде заманауи талаптарға сай толық жабдықталған, көпфункционалды туристік-мәдени кешен ел игілігіне беріліп отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, бұл орталықтың Ордабасы өңірі үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа нысан тек туристік қызмет көрсетумен шектелмей, тарихи мұраны дәріптеу, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға мүмкіндік беретін орталыққа айналады.
Аудан басшысы сондай-ақ Ордабасы – қазақ халқының бірлік пен елдік шешім қабылданған тарихи мекені екенін еске салып, мұндай орталықтар сол рухты жаңғыртуға және ұрпақ санасына сіңіруге үлкен үлес қосатынын жеткізді.
Ашылу салтанатына мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, білім беру ұйымдарының ұстаздары, музей қызметкерлері мен өңірлік тарихи мекемелердің мамандары қатысты. Атап айтқанда, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының өкілдері де арнайы келіп, жаңа орталықтың жұмысымен танысты.
Жиын барысында мәдениет қайраткері Шахар Қаназарұлы мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің проректоры Исабек Баршагүл Қашқынқызы сөз сөйлеп, орталықтың ашылуы тарихи мұраны сақтау мен насихаттаудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Олар мұндай жобалар жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.
Салтанатты рәсім барысында нысанның лентасы қиылып, орталық ресми түрде ашылды. Шара аясында аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан оң пікірлер айтылды.
Келесі кезеңде қонақтар орталықтың ішкі құрылымымен танысып, арнайы музей экспозицияларын аралады. Мұнда Ордабасы өңірінің тарихы, қазақ халқының елдік шешімдері, ұлт бірлігі мен мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдерін көрсететін құнды экспонаттар қойылған. Сондай-ақ тарихи құжаттар, археологиялық деректер және мультимедиялық ақпараттық жүйелер арқылы келушілерге толыққанды танымдық ақпарат ұсынылған.
Жалпы аумағы 2906 шаршы метрді құрайтын «Ордабасы сапар орталығы» толықтай заманауи стандарттарға сәйкес салынған. Кешен құрамында кеңсе бөлмелері, ғылыми-зерттеу және әдістемелік бағыттағы кітапхана, конференц-зал, 16 орындық жатақхана, экспозициялық залдар және қор сақтау бөлмелері қарастырылған.
Сонымен қатар орталықта туристерге арналған ақпараттық қызмет көрсету бөлімі, экскурсия ұйымдастыру жүйесі және мәдени-танымдық бағдарламалар өткізуге арналған арнайы алаңдар жұмыс істейді. Бұл туристер ағынын арттырып қана қоймай, өңірдегі тарихи орындарды жүйелі түрде таныстыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жаңа орталық Ордабасы өңірін тек тарихи ескерткіштер кешені ретінде емес, кешенді туристік бағыт ретінде дамытуға жол ашады. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қызмет көрсету саласының кеңеюіне ықпал етеді.
Жалпы алғанда, «Ордабасы сапар орталығының» ашылуы – Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени туризмді дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл нысан алдағы уақытта Ордабасыны тек Қазақстан ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде танымал туристік бағыттардың қатарына қосуға мүмкіндік береді.
