Түркістан облысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Шомылу маусымы басталған кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындар арасында судағы тәртіп мәдениетін қалыптастыру бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Дәурен Жүсіпов мәлімдеді.
Маманның айтуынша, өңірде суға байланысты қайғылы оқиғалардың алдын алу әлі де өзекті мәселе болып отыр. Биыл облыс аумағында 8 қайғылы жағдай тіркелген. Оның ішінде 2 бала суармалы каналдарға құлап көз жұмса, 2 жағдай Келес және Машат өзендерінде орын алған. Сонымен қатар, 2 оқиға жылыжайлардың маңындағы су жиналған шұңқырларға құлау салдарынан болса, 1 жағдай кәріз жүйесіндегі ашық шұңқырға түсуге байланысты болған. Тағы бір қайғылы оқиға үй ауласындағы су толы ыдысқа құлап кету нәтижесінде тіркелген.
Дәурен Жүсіповтің айтуынша, мұндай жағдайлардың көбеюіне ауа райының жылынуы мен көктемгі-жазғы кезеңде балалардың су айдындарына жиі баруы себеп болып отыр. Көп жағдайда ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы немесе бақылаудың жеткіліксіздігі орны толмас қайғылы оқиғаларға әкеліп соғуда. Осыған байланысты мамандар ата-аналарға ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертеді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында кешенді алдын алу және рейдтік шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмылдырылған. Су айдындары мен қауіпті учаскелер тұрақты түрде тексеріліп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарға заң аясында әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 2025 жылғы шомылу маусымы кезінде жүргізілген рейдтер нәтижесінде 151 жеке тұлғаға жалпы сомасы 2 078 062 теңге айыппұл салынған. Бұдан бөлек, 3 заңды тұлға мен 3 кәсіпкерге 235 920 теңге көлемінде айыппұл салынған. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш өткен 2024 жылмен салыстырғанда едәуір артқан, бұл бақылау жұмыстарының күшейгенін көрсетеді.
Алдын алу шаралары тек жазалау сипатында ғана емес, сонымен қатар кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да қамтиды. Өңір бойынша тұрғындармен 106 кездесу өткізілген, оған шамамен 5 мыңға жуық адам қатысқан. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында 300-ден астам әртүрлі форматтағы сабақтар мен түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып, мыңдаған оқушы судағы қауіпсіздік ережелерімен таныстырылған.
Мамандардың айтуынша, ең маңыздысы – тұрғындардың өз жауапкершілігін күшейтуі. Ата-аналарға балаларды су айдындарына жалғыз жібермеу, қараусыз қалдырмау және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ерекше ескертіледі. Сондай-ақ, жабық немесе қауіпті су нысандарына бармау, белгіленбеген жерлерде шомылмау сияқты қарапайым ережелерді сақтау адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.
Түркістан облысының ТЖД өкілдері судағы қауіпсіздік тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстар шомылу маусымы бойы жалғасып, қосымша профилактикалық шаралар тұрақты түрде күшейтілетін болады.
