Келес ауданында қоғам үшін аса өзекті мәселелердің бірі – адам саудасының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бағытында кешенді түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімдігі ғимаратында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-танымдық жиын ұйымдастырылды.
Жиынды аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің басшысы Ерлан Ибраимов жүргізіп, адам саудасының қазіргі қоғамдағы қауіпті қылмыстардың бірі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл тек құқық бұзушылық қана емес, адам құқығын өрескел бұзатын, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін ауыр қылмыс түрі болып саналады.
Жиын барысында қатысушыларға адам саудасының алдын алу бағытында елімізде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берілді. Атап айтқанда, 2024 жылғы 5 шілдеде қабылданған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы нормаларының маңызы түсіндіріліп, бұл заң азаматтардың құқықтарын қорғаудағы негізгі құқықтық тетік екені айтылды.
Іс-шараға арнайы құрылған мобильді топ мүшелері де қатысып, өңірде жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың барысы жөнінде баяндама жасады. Мобильді топ өкілдері адам саудасының алдын алу, оның түрлері мен белгілерін дер кезінде анықтау, сондай-ақ күмәнді жағдайлар кезінде жедел әрекет ету алгоритмі туралы толық ақпарат берді.
Жиын барысында Түркістан облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Сұлтан Будеев сөз алып, адам саудасына қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Ол өз баяндамасында әсіресе жастардың, еңбек мигранттарының және әлеуметтік осал топтардың құқықтық қорғалуы басты назарда болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар, кез келген күмәнді ұсыныстарға сенбеу, заңсыз жұмысқа тарту жағдайларында құқық қорғау органдарына дереу жүгіну қажеттігін ескертті.
Жиынға сондай-ақ «Сана Сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Сана Сезім әйелдер бастамалық құқықтық орталығы Таңатар Нұрғабылқызы қатысып, адам саудасы құрбандарына көрсетілетін құқықтық және психологиялық көмектер туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол орталықтың негізгі мақсаты – зорлық-зомбылық пен адам саудасынан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету, олардың құқықтарын қорғау және қоғамға қайта бейімделуіне жәрдемдесу екенін айтты.
Сонымен қатар спикер құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызына тоқталып, тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, алдын алу шаралары неғұрлым ерте жүргізілсе, соғұрлым қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік жоғары болады.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан баяндамашыларға түрлі сұрақтар қойылып, адам саудасына қатысты нақты жағдайлар мен құқықтық тетіктер бойынша пікір алмасу өтті. Қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша жан-жақты жауап алып, құқық қорғау саласындағы мамандармен ашық диалог орнатты.
Кездесу қорытындысында адам саудасының алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту, халық арасында ақпараттық-түсіндіру шараларын жүйелі түрде жалғастыру және құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуі бұл бағыттағы нәтижелілікті арттыратыны айтылды.
Жалпы алғанда, Келес ауданында өткен бұл жиын тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және адам саудасының алдын алуға бағытталған маңызды профилактикалық шаралардың бірі болды.
