Шымкент қаласында жалпы білім беретін мектептердің 10-сынып оқушыларына арналған ауқымды оқу-дала жиыны ұйымдастырылуда. Бес күнге жоспарланған іс-шара қаладағы барлық бес ауданнан келген қатысушыларды қамтып, Ақтас оқу-жаттығу базасында өтуде.
БАҚ өкілдері оқу процесімен танысу мақсатында арнайы барып, жиын барысын бақылап қайтты. Әскери тәртіпке бейімделіп, сап түзеген оқушылардың жинақылығы мен жауапкершілігі олардың болашақта ел қорғайтын азамат ретінде қалыптасуына негіз бар екенін көрсетеді. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде әскери ортаға бейімделіп, белгіленген күн тәртібі бойынша қатаң режимде дайындықтан өтуде.

Жиынның басты мақсаты – жасөспірімдерді әскери қызметке баулу, олардың бойында патриоттық сана, жауапкершілік пен тәртіп дағдыларын қалыптастыру. Бағдарлама аясында оқушылар таңғы жаттығудан бастап кешкі тексеріске дейін әскери бөлім тәртібіне барынша жақындатылған режимде білім алып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруда.

Оқу-жаттығу жиынының екінші күніне Әл-Фараби ауданының оқушылары қатысты. Қатысушылардың бірі, Тұрар Рысқұлов атындағы №22 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Рүстембек Бәйдібектің айтуынша, жиын бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, оқ ату дайындығы барысында АК-74 автоматының құрылымы таныстырылып, оны бөлшектеу-жинау және нысана көздеу жаттығулары жүргізіледі. Сонымен қатар, тактикалық дайындық аясында ұрыс жүргізу тәсілдері, бүркемелену және жергілікті жерде бағдарлау әдістері үйретілуде.
Бұдан бөлек, саптық дайындық, пәрмендерді орындау және физикалық төзімділікті арттыруға ерекше назар аударылған. Оқушыларға радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарын пайдалану жолдары да түсіндірілуде.

Жиын барысында қатысушылар әскери машықтарды меңгерумен қатар, командалық рухты, өзара қолдауды және ұйымшылдықты нығайтады. Тапсырмаларды бірлесе орындау арқылы олар тәртіп пен төзімділіктің маңызын тәжірибе жүзінде түсінуде.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, оқу-дала жиыны алдағы күндері қаланың өзге аудандарындағы мектеп оқушыларын кезең-кезеңімен қамтитын болады. Іс-шара қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар мен жетекшілер марапатталады.
Аталған бастама жас буынның әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ Отан қорғаушыларды жүйелі түрде даярлауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
