«AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтерген «Qyzgaldaq» көпфункционалды кешені бүгінде Шымкенттің рухани-мәдени кеңістігін кеңейткен маңызды нысандардың біріне айналды. Сәулеті келіскен заманауи сарай шаһардың келбетін айшықтап қана қоймай, қаланың мәдени әлеуетіне тың серпін беріп отыр.
«Шымсити» мөлтек ауданында орналасқан кешен халқы күн сайын артып келе жатқан мегаполис үшін аса қажетті жобалардың бірі саналады. Себебі бүгінде мәдени, қоғамдық және іскерлік бағыттағы ауқымды іс-шараларды өткізуге арналған заманауи алаңдарға сұраныс жоғары. Жалпы аумағы 5,24 гектарды қамтитын нысанның құрылысы 2023 жылы басталып, қысқа мерзім ішінде пайдалануға берілді. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 17 964 шаршы метрді құрайды.


Мұндағы 2066 орындық концерт залы мен 190 орындық конференция залы түрлі деңгейдегі іс-шараларды жоғары талапқа сай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұндағы мультимедиалық жүйелер, заманауи дыбыс технологиялары мен ерекше акустика халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған. Соның нәтижесінде бүгінде еліміздің және шетелдің танымал өнер жұлдыздары концерттік бағдарламаларын өткізу үшін осы сахнаны таңдайды.
Қала тұрғыны, «Өркен» тобының мүшесі Еркін Рысдәулетовтің айтуынша, «Qyzgaldaq» сарайы еліміздегі үздік мәдени кешендердің қатарына қосылған.
«Осы сахнада өнер көрсеткен әнші ретінде айтарым, «Qyzgaldaq» сарайының ерекшелігі бірден байқалады. Мұндағы кеңдік, жарық, акустика, көрерменге жасалған жағдай — барлығы жоғары деңгейде ойластырылған. Әртістерге арналған дайындық бөлмелері де өте ыңғайлы. Қазақстанның түрлі өңірлерінде гастрольдік сапарда болып жүрміз, сондықтан бұл кешеннің үздіктердің қатарында екенін сенімді түрде айта аламын. Осындай заманауи рухани орталықтың салынып, халық игілігіне берілуіне ықпал еткен «AMANAT» партиясына алғысымды білдіремін», — деді ол.


Сонымен қатар кешен тек концерт ұйымдастыратын орын ғана емес. Мұнда бірнеше мәдени үйірме тұрақты жұмыс істейді. Бұл жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, бос уақытын тиімді өткізуіне және өнерге жақын болып қалыптасуына мол мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде Шымкентте мәдени инфрақұрылымның қарқынды дамуы халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге жол ашып қана қоймай, қаланың туристік әлеуетінің артуына да оң әсер етуде. Ал «Qyzgaldaq» кешені — шаһардағы осындай ауқымды өзгерістердің жарқын көрінісі.
Айта кетерлігі, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында қалада 7 мәдени нысан салу жоспарланған болса, бүгінде 8 нысан ел игілігіне тапсырылған. Бұл — партияның халықтың рухани-мәдени дамуына айрықша мән беріп отырғанының нақты дәлелі.
#AMANAT
