Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақты дамуының басты негізі екенін ерекше атап өткен болатын. Бүгінде құқықтық әрі қаржылық сауаттылықты арттыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Өйткені құқықтық мәдениеті жоғары, қаржылық тұрғыдан сауатты қоғам ғана түрлі қауіп-қатерлердің алдын алып, ел тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайта алады. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан қаласында тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған мазмұнды семинар-кездесу өтті. Іс-шараны Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Қарсыбай Гүлзия Нұрғалиқызы ашып, құқықтық және қаржылық қауіпсіздік мәселелерінің бүгінгі қоғам үшін өзектілігіне тоқталды. Ол өз сөзінде азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және заң талаптарын түсіндіру – қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Семинар барысында тұрғындарға қаржылық жоспарлау, жеке бюджетті тиімді басқару, несие рәсімдеу кезіндегі жауапкершілік, қарыздық міндеттемелерді сауатты жүргізу, сондай-ақ азаматтардың заң аясындағы құқықтарын қорғау жолдары кеңінен түсіндірілді.


Сонымен қатар соңғы уақытта жиілеген интернет-алаяқтық, жалған несие рәсімдеу, онлайн қаржы пирамидалары, киберқылмыс және әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақтану мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шараға арнайы шақырылған сарапшылар қатарында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков, сондай-ақ PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова болды. Сарапшылар өз салалары бойынша маңызды ақпараттар ұсынып, тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға нақты әрі кәсіби жауап берді. Мамандардың айтуынша, құқықтық және қаржылық сауаттылық – тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Қаржылық сауаттың төмендігі азаматтарды түрлі алаяқтық әрекеттерге ұрындырып қана қоймай, әлеуметтік және психологиялық қиындықтардың туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты кеңестер алды.
