Бүгін Түркістанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, сала мамандары марапатталды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, кәсіби мерекемен құттықтады. Ол мәдениет пен өнердің еліміз үшін орны зор екенін айтып, өңірде осы бағытта атқаралып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Күні кеше ғана Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін абыроймен атқарып алдық. Елдің абыройын көтеретін осы игілікті істердің барлығы – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі деп сеніммен айта аламын. Өңірде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Түркістан қаласынан бөлек, облыстың басқа аймақтарында да мәдениет саласында оң өзгерістер байқалады. Өткен жылдың өзінде аудан, қалаларда 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл 10 мәдениет ошағының құрылысы жүруде. Облыстық мәдениет мекемелері республикалық, халықаралық байқауларда өңір намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Театрларымызда жаңа қойылымдар сахналанып, концерттік ұйымдар мазмұнды кештерді жұрт назарына ұсынып келеді. Өнер байқауларындағы жетістіктерден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерге де гастролдік сапарлар ұйымдастырылуда. Биыл «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблі Европада өнер көрсетіп, ел даңқын асқақтатты. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы бүгінгі дәуірге жеткен өнер мен мәдениет саласының дамуындағы үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Мерекелік шарада өңір мәдениетінің дамуына еңбегі сіңген сала мамандарына
«Ерен еңбегі үшін» медалі және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылды. Сондай-ақ бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлері Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, Алғыс хаттар табыстады. Кәсіби мереке қарсаңында «Музейлер шеруі» байқауы ұйымдастырылған болатын. Бүгін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Ерназаров байқау жеңімпаздарын марапаттап, жүлдегерлерге автокөлік пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Мерекелік кешке жиналған қауым ең алдымен «Мәдениеттің көрінбес қырлары» атты арнайы промо-роликті тамашалады. Ал «Алтын тамыр» би ансамблі «Өнер» хореографиялық қойылымын сахналап, кештің сәнін келтірді. Сондай-ақ елімізге танымал өнер жұлдыздары Маржан Арапбаева, Гүлнұр Оразымбетова ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек, бүгінде киелі шаһар облыс орталығы ретінде жаңару мен дамудың жаңа белесіне көтеріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістанға өткен жылы ерекше мәртебе берілді. Ал биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Өңірде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен мәдениет пен руханият саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Алдағы уақытта да Түркі әлемінің рухани бағдарына айналған шаһарда мәдениеттің өркендеуіне бағытталған шаралар өткізу жоспарлануда.
