Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Білім беруге инвестиция – мейіргер ісінің тұрақты дамуы» атты Қазақстан мейіргер ісі мамандарының IV съезі өтті. Жиынды университет және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Мейіргер ісі мамандары» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Съездің басты мақсаты – мейіргерлік қызметтің халықаралық стандарттары мен үздік тәжірибелерін ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне интеграциялауға ықпал ету. Сондай-ақ, медициналық көмектің барлық деңгейлерінде мейіргерлердің институционалдық және басқарушылық рөлін арттыру. Әрі мейіргер ісіндегі кадрлық саясатты жетілдірудің стратегиялық бағыттарын әзірлеу және талқылау. Дәлелді практиканы, инновациялық білім беру модельдерін және цифрлық технологияларды мейіргерлердің кәсіби қызметіне енгізуді ынталандыру.
Халықаралық жиынға 300-ге жуық еліміздегі медицина саласының өкілі мен оқытушы-профессор, Түркия Республикасының университеттік клиникаларының өкілдері (Medipol, Medipol Mega, Medicana) және Қырғызстан медициналық колледждері қауымдастығының өкілдері қатысып жатыр.
Ашылу салтанатында, ең алдымен, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың бейне құттықтауы қойылды. Ол өз сөзінде: «Құрметті әріптестер, қадірлі медицина саласының қызметкерлері, сала ардаргерлері мен мейіргер ісі мамандарының IV съезінің қонақтары! ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен өз атымнан сіздерді мейіргер ісін дамытуға арналған маңызды әрі тағылымды шарамен шын жүректен құттықтаймын!
Мейіргер мамандығы – денсаулық сақтау жүйесіндегі ең ізгі, ең жауапты, аса сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Сіздер күн сайын пациенттің жанынан табылып, жоғары кәсібилік, мейірім, сабыр мен жан жылуын танытып келесіздер! Сіздердің еңбектеріңіз терең білім мен тәжірибелік дағдыларды ғана емес, зор рухани күшті, мамандыққа деген адалдықты талап етеді»,-деді.
Келесі кезекте, Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалив жылы лебізін білдіріп, құттықтауын арнады. Ал, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова мен Қазақстандағы ДДСҰ елдік офисінің басшысы Сыла Скендер бейне құттықтауларын арнады.
Жиында сөз кезегін алған ректор Жанар Темірбекова:
«Құрметті медицина саласының мамандары, бүгін өздеріңізбен оқу ордамызда басқосқанымызға қуаныштымын! Университетімізде 13 факультет бар. Оның ішінде 3 факультет медицина саласы бойынша мамандар даярлайды. Факультеттерімізде мейіргер ісіне үлкен мән беріледі. Себебі, қанша жерден мықты хирург, дәрігер тәрбиелеп, мамандық беріп шығарсақ та, оның қасында сапалы қызмет көрсететін мейіргер ісінің маңызы басым. Сондықтан, мейіргер ісі Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде үлкен жоғары бағаланады»,-деді.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында, медицина ғылымында елеулі еңбек етіп жүрген жандарды марапатталды. Ақ халатты абзал жандар ҚР Денсаулық сақтау министрлігің арнайы Алғыс хаттарына ие болды. Марапаттау шарасы Пленарлық отырысқа ұласты. Басқосу модераторы – Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева болды. Жиын 23-мамырға дейін жалғасады. Іс-шара барысында отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, жоғары оқу орындарының өкілдері мен тәжірибелі мейіргерлері өзара тәжірибе алмасады.
Іс-шара аясында пленарлық сессиялар, халықаралық симпозиумдар, шеберлік сабақтары, көрмелер мен дөңгелек үстелдер өтеді. Сонымен қатар, мейіргер ісіндегі жаңа технологиялар, кәсіби білім беру, көшбасшылық және кадр даярлау мәселелері кеңінен қозғалады.
