Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалардың бірі – «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары бүгінде мыңдаған қарияның өмір сапасын жақсартуға үлес қосып отыр. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы негізінде ашылған 4 бірдей орталық егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтып, белсенді болуына мол мүмкіндік беріп отыр.
«AMANAT» партиясының әлеуметтік бағыттағы бастамалары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Соның ішінде ардагерлер мен зейнеткерлердің өмір сүру сапасын арттыруға арналған жоба Шымкент қаласында нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Бүгінде орталықтарда қариялардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, денсаулығын жақсартуға және белсенді өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған.


Орталық филиалдарында 84 арнайы маман қызмет көрсетеді. Олардың қатарында дәрігерлер, психологтар, жаттықтырушылар және өзге де сала мамандары бар. Мұнда күніне 800-ге жуық қария 36 түрлі қызмет түрін пайдалана алады. Атап айтқанда, дәрігерлік тексеру, емдік денешынықтыру, массаж, физиотерапия, йога, гимнастика, тренажерлық жаттығулар, тұзды шахта, психолог пен заңгер кеңесі секілді сауықтыру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар тіл үйрену, компьютерлік сауаттылықты арттыру, кітапхана қызметі, музыка және ART терапия, қыш өнері, хореография бағытындағы танымдық әрі шығармашылық сабақтар да қарастырылған.
Орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Меруерт Арысбаеваның айтуынша, «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған бұл жоба қариялардың өмірге деген құлшынысын арттыруға оң ықпал етіп отыр.
– Әр қызмет алушы мекеменің бекітілген ішкі тәртібіне сәйкес 4 сағаттық қызмет түрлерін алады. Ал 8 сағаттық қызмет алу үшін әлеуметтік портал арқылы тіркелу мүмкіндігі қарастырылған. Арнайы дайындалған қызмет көрсету кестесіне сәйкес әрбір азаматқа сапалы қызмет көрсетуге басымдық береміз. Ең бастысы, барлық қызмет тегін ұсынылады. Бұл – мемлекет пен «AMANAT» партиясының ардагерлерге деген нақты қолдауының көрінісі, – деді ол.
Мұнда тек сауықтыру емес, қариялардың қоғамдық ортаға бейімделуіне де ерекше көңіл бөлінеді. Орталықтарда дендросаябақтағы серуен, бассейн, театр, үстел теннисі, садақ ату, караоке және түрлі үстел ойындары тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Мұндай шаралар егде жастағы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, олардың қоғамнан оқшауланып қалмауына ықпал етеді.


Қала тұрғыны, зейнеткер Мұтал Тұртаев мұндай орталықтардың ашылуына ұйытқы болған «AMANAT» партиясының жұмысына оң бағасын берді.
– Кейбір азаматтар зейнетке шыққан соң үйде отырып қалады. Салдарынан күйзеліске түсіп, денсаулықтың нашарлауына әкеліп соқтырып жатады. Бүгінде «AMANAT» партиясының бастамасымен ашылған орталықтар адамдардың белсенді өмір сүруіне, елмен араласуына, уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осындай игі іске мұрындық болған партияға алғысымыз шексіз, – деді зейнеткер.
Ресми дерекке сәйкес, бүгінде Шымкент қаласында 100 мыңнан астам зейнеткер бар. Соның 21 мыңға жуығы «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының қызметін тұрақты пайдаланып келеді. Бұл – «AMANAT» партиясының әлеуметтік бағыттағы жобаларының халық арасында сұранысқа ие екенін көрсетеді. Халық саны қарқынды өсіп жатқан мегаполис үшін егде жастағы азаматтардың денсаулығы мен әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған мұндай орталықтардың маңызы ерекше. Алдағы уақытта партия бастамасымен тағы да осындай орталық филиалдарын ашу жоспарланып отыр.
