Кентау қаласында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің ұйымдастыруымен Кентау қаласы мен Сауран ауданы кәсіпкерлерін жеке қабылдау жиыны өтті. Кездесу өңірдегі кәсіпкерлік қызметті дамытуға кедергі келтіріп отырған мәселелерді талқылауға және оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға арналды.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов, Өңірлік кеңес мүшелері, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, сондай-ақ облыстық басқармалар мен жауапты мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы жағдай жасау, бизнестің мәселелерін жедел шешу және инвестициялық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Облыс әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерді қаржылай қолдау мақсатында бірқатар бағдарламалар іске асырылуда. Соның бірі – жылдық мөлшерлемесі 12,6 пайызбен несие беруді көздейтін «Өрлеу» бағдарламасы. Биыл аталған бағдарлама аясында 23 кәсіпкерге жалпы көлемі 1,4 миллиард теңге болатын қаржылай қолдау көрсетілген.
Сонымен қатар өңірде жаңа өндірістік жобаларды дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылып, қазіргі таңда өтінімдер қабылдануда. Бағдарлама шеңберінде өндірістік нысан салуға ниетті кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген логистикалық тұрғыдан тиімді жер телімдерін ұсыну көзделген.
Жиын барысында Кентау қаласы мен Сауран ауданынан келген кәсіпкерлер өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, өндірістік және инженерлік инфрақұрылым сапасын жақсарту, теміржол логистикасын дамыту, суару жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімдерін жеңілдету мәселелері кеңінен талқыланды.
Кәсіпкерлердің айтуынша, инфрақұрылымның сапалы болуы жаңа өндіріс орындарын ашуға, өнім көлемін ұлғайтуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселелерді шешу өңірдегі бизнестің дамуы үшін аса маңызды.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлердің ұсыныстары мен мәселелерін тыңдау және оларды шешу бойынша нақты шаралар қабылдау өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында әрбір көтерілген мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері түсіндірме беріп, оларды шешу тетіктерін ұсынды. Барлық ұсыныстар арнайы хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы Өңірлік кеңестің бақылауына алынды.
Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің нақты проблемаларын жергілікті жерде талқылап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етеді.
Жеке қабылдау аяқталғаннан кейін Өңірлік кеңес мүшелері өңірдің өндірістік әлеуетімен танысу мақсатында бірқатар кәсіпорындарды аралады. Делегация темір конструкцияларын өндіретін «Айдар Строй Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен оптикалық кабель шығаратын «Kentau Cable Industries» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, өндірістік процестерді бақылады.
Кәсіпорындарда өндірілетін өнімдердің сапасы, технологиялық мүмкіндіктері және өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлары жөнінде мәліметтер берілді. Кеңес мүшелері өңірде өнеркәсіп саласының дамуы мен өндіріс орындарының көбеюі экономиканың өсуіне оң әсер ететінін атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысы бүгінде еліміздегі кәсіпкерлік субъектілері ең көп шоғырланған өңірлердің бірі саналады. Облыс аумағында 205 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.
Кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өндірістік парктер жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында Сауран ауданындағы сегіз ауылдық округте 130 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілсе, Кентау қаласында 10 өндірістік нысан бой көтеруде.
Бұл бастамалар өңірдегі кәсіпкерлік белсенділікті арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция көлемінің ұлғаюына және жергілікті экономиканың тұрақты дамуына серпін береді.
Түркістан облысында кәсіпкерлермен тұрақты кездесулер өткізу тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бизнес өкілдерінің ұсыныстары мен бастамаларын қолдап, өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
