Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бастаған ресми және іскерлік делегация Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, өңіраралық әріптестікті дамытуға бағытталған бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, экономикалық байланыстарды кеңейту және шекаралас өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.
Сапар аясында Төлеби ауданы мен Ташкент облысының Бостандық ауданы арасында достық қарым-қатынастар мен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ресми меморандумға қол қойылды. Құжатқа екі тараптың өкілдері – Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Ташкент облысы әкімінің орынбасары Жамшид Бабажанов және Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жамшид Шукуров қатысты.
Кездесу барысында тараптар өңірлер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды күшейту, инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін кеңінен талқылады. Әсіресе шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды жолға қою және экспорт-импорт әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Меморандумның негізгі бағыты ретінде туризм саласын дамыту айқындалды. Төлеби мен Бостандық аудандарының табиғи-географиялық ерекшеліктері тау және экологиялық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Тараптар ортақ туристік маршруттар әзірлеу, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және екі ел азаматтарының өзара саяхаттауын жеңілдету бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуге уағдаласты.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту да күн тәртібінде қаралды. Су ресурстарын тиімді пайдалану, бау-бақша шаруашылығын жетілдіру, мал шаруашылығы өнімділігін арттыру және агротехнологиялармен алмасу бойынша тәжірибе бөлісу тетіктері пысықталды.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Екі аудан арасында мәдени күндер өткізу, шығармашылық ұжымдардың алмасуы, спорттық жарыстар ұйымдастыру және жастар арасындағы достық байланыстарды дамыту жоспарланып отыр. Бұл халықтар арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайтуға ықпал етеді.
Құжат аясында тараптар нақты бағыттар бойынша жауапты үйлестірушілерді белгілеп, тұрақты байланыс арнасын қалыптастыруға келісті. Бұл өз кезегінде келісілген бастамаларды жүйелі түрде іске асыруға және ортақ жобалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша екі өңір арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық байланыстарды дамытуға тың серпін беретін маңызды қадам ретінде бағалануда.
