Жетісай ауданында тұрғын үй қорын жаңғырту, көппәтерлі үйлердің инженерлік инфрақұрылымын реттеу және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда аудан орталығы Жетісай қаласында 8 343 тұрғын үй бар, онда 50 мыңға жуық халық тұрады. Қаладағы 133 көппәтерлі тұрғын үйдің 1500-ге жуық пәтері тұрғындардың игілігінде.
Аудан әкімі Серік Мамытов жұмыс сапары барысында бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, олардың техникалық жағдайын, инженерлік желілермен қамтамасыз етілу деңгейін және инфрақұрылымдық мәселелерін жан-жақты зерделеді. Тексеру барысында тұрғын үйлердің бір бөлігінде жертөле инфрақұрылымының жоқтығы, ал кейбірінде оның талапқа сай келмеуі сынды мәселелер анықталды.
Мамандардың айтуынша, Жетісай қаласындағы көпқабатты үйлердің 49-ында жертөле қарастырылған болса, 84 үйде бұл инфрақұрылым мүлде жоқ. Бұл жағдай жерасты су деңгейінің жоғары болуымен және ескі құрылыс стандарттарымен тікелей байланысты. Қала аумағында орналасқан 7 дренаж жүйесінің толық қуатта жұмыс істемеуі де мәселені күрделендіріп отыр.
Осыған байланысты жерасты суын төмендету және көпқабатты үйлердің жертөлелерін су басу мәселесін шешу мақсатында жаңа инженерлік жобалар қолға алынуда. Соның бірі – 4 тік дренажды ұңғыманы салу жобасы. Бұл жүйе қаланың су деңгейін тұрақтандыруға және тұрғын үйлердің техникалық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласындағы санитарлық жағдайды жақсарту жұмыстары да назарға алынған. Ескі әжетханаларды кезең-кезеңімен бұзып, тұрғындарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу бағытында нақты шаралар атқарылуда. Бұл өз кезегінде қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға және санитарлық талаптарды күшейтуге мүмкіндік береді.
Көпқабатты үйлерді басқару жүйесін жетілдіру мақсатында кондоминиум бағдарламасы да белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ортақ мүлікті тиімді басқару, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және заңдық рәсімдерді реттеу мәселелері қарастырылуда. Қазіргі таңда 71 көппәтерлі тұрғын үйге мемлекеттік акт рәсімделіп, 18 үй бойынша жерге орналастыру жобалары әзірленген.
Аудан әкімдігі тұрғын үй қорын жаңғыртумен қатар, аулаларды абаттандыру, балалар және спорт алаңшаларын салу, жарықтандыру жүйелерін жаңарту бағытында да жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Бұл шаралар қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Жетісай қаласындағы тұрғын үй инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, инженерлік желілерді толық жаңғырту, көпқабатты үйлердің техникалық жағдайын жақсарту және тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық сапасын арттыру басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.
