Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау науқаны кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлердің қызметіне қатысты бірқатар мәселеге тоқталып, олардың заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Министр ең алдымен журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына сәйкес, журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы.
Сонымен қатар журналистер мен блогерлер адамның келісімінсіз бірқатар жағдайда түсірілім жүргізе алады. Атап айтқанда, егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса.
Сондай-ақ адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болған жағдайда немесе ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған кезде түсірілім жүргізуге болады. Бұдан бөлек, адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болған жағдайда да келісім талап етілмейді.
Мемлекет сөз бостандығын шектемейді
Аида Балаева әлеуметтік желілердегі бірқатар БАҚ, белсенділер мен блогерлер аккаунттарының жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.
Мәдениет және ақпарат министрі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын министрлік бұғаттамайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, мемлекет сөз бостандығын немесе пікір білдіру еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсету – уәкілетті органның негізгі міндеттерінің бірі.
«Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді», – деді Аида Балаева.
Министр мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының қоғам алдындағы беделіне кері әсер етіп, оларды дискредитациялау құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін атап өтті.
Сөз бостандығы жауапкершілікпен қатар жүреді
Мәдениет және ақпарат министрі сөз бостандығы мен жауапкершіліктің өзара байланысты ұғымдар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Сонымен бірге сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап етеді.
Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең. Қоғамдағы мәртебе ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді.
Ақпараттың анықтығын тексеру маңызды
Аида Балаева журналистер мен блогерлер үшін маңызды қағидаттардың бірі – таратылатын ақпараттың анықтығын міндетті түрде тексеру екенін атап өтті.
Осыған байланысты министр әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Алайда заңға қайшы материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату қажеттігін атап өтті.
Министрдің пікірінше, заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс.
Сонымен қатар БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.
Сөз бостандығы мен жауапкершіліктің үйлесімі азаматтардың құқықтары сенімді қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын және қоғамдық диалог нақты дерекке, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін қоғам қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады.
