Түркістан қаласында «Atameken Fair Turkistan Brand» жәрмеңкесі өтуде. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев қатысып, өңірде өндірілетін отандық өнімдермен танысты.
️Бір алаңға облыстың үздік өндірушілері жиналып, сапалы отандық өнімдер мен жаңа брендтер ұсынылды. Бұл өңірде кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және жергілікті өнімнің үлесін арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетуге мүмкіндік берді.
♻️Бүгінде Түркістан облысында кәсіпкерлік пен өндіріс қарқынды дамып келеді. 2026 жылдың 8 айында өңірдегі орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері 1,2 трлн теңгенің өнімін өндірді. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеуге, жаңа өндіріс орындарын ашуға және дайын өнім шығаруға басымдық берілуде.
♻️Өңірдің экспорттық әлеуеті де артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартысында облыстың сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,2%-ға өсті. Экспорт көлемі 36,5%-ға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті.
⚜️Осы бағыттағы жұмыстар аясында көкөністерді терең өңдеу, балалар тағамы, томат пастасы, сүт өнімдері секілді басым бағыттар бойынша 40 инвестициялық ұсыныс әзірленді. Сондай-ақ экономиканың түрлі салаларындағы отандық тауар өндірушілердің 400-ден астам өнімін қамтитын арнайы каталог жасалды. Мақта, ет кластері дамытылып жатыр. Терең өңдеу саласына басымдық берілген.
⚜️Аталған жұмыстар жергілікті өнімнің мүмкіндігін кеңінен танытып, өңірде шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі



