Шымкент қаласында «Діни тұрақтылық – қоғам қауіпсіздігінің негізі» тақырыбында ауыл билері мен мешіт жамағатының ер азаматтарына арналған ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.
13 қазанда ұйымдастырылған кездесулердің негізгі мақсаты – діни сауаттылықты арттыру, қоғамдық келісімді нығайту және діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Кездесулерге теологтар мен психологтар спикер ретінде қатысып, діни сауаттылықты арттыру, қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау және теріс діни идеологияның алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар психологиялық тұрақтылықты нығайту, өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастырудың маңыздылығы айтылды. Ауыл билерімен кездесуде қоғамдық татулықты сақтау, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жастарға өнегелі тәрбие беру мәселелері талқыланды. Ал мешіт жамағатының ер азаматтарымен өткен кездесуде сенімді діни ақпарат көздерін пайдалану, діни сауаттылықты арттыру және қоғамдағы өзара сыйластықты сақтау мәселелеріне назар аударылды. Мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық келісімді нығайтудағы әр азаматтың жауапкершілігін атап өтті.

