Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру – жастар денсаулығының кепілі» тақырыбында кездесу өтті. Жиында нашақорлықтың зиянымен қатар, дропперліктің қауіптілігі мен оның құқықтық салдарына басымдық берілді.
Іс-шараны университет пен «Әділет» партиясы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесуде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай студенттерге дропперлік туралы кеңінен түсіндірді. Ол өзге адамдарға банк картасын, шотын немесе жеке деректерін беріп, ақша аударуға не қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесу заңсыз қаржылық операцияларға қатысуға әкелуі мүмкін екенін айтты.
Спикердің айтуынша, дропперлерді көбіне «оңай табыс» немесе сыйақы уәде еткен күмәнді ұсыныстар арқылы тартады. Алайда өз шотын бөгде адамдарға пайдалануға берген азаматтың әрекеті құқықтық салдарға соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты Гүлзия Қарсыбай жастарды банк картасы мен дербес мәліметтерін ешкімге бермеуге, өз атына ашылған шот арқылы бөгде адамдардың ақша аударуына жол бермеуге және күмәнді ұсыныстардан бас тартуға шақырды.
Жиында облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының өкілі Ақмаржан Қалмахан АИТВ инфекциясының таралу жолдары мен одан сақтану шаралары туралы баяндады. «Әділет» партиясы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермахан Мырзабай, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Жансая Өміртаева және Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марат Бимаханов нашақорлықтың адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашағына тигізетін зиянын түсіндірді.
Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Жиын соңында университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректоры Еділ Төлегенов жастарды уақытын бағалап, білім алуға, ізденуге және болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Кездесу жастарға нашақорлықтан және күмәнді қаржылық ұсыныстардан сақтанудың, заң талаптарын сақтап, өз болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіруге арналды.

