2026 жылғы 3 қарашада Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде студенттермен қаржылық қауіпсіздік және кәсіби бағдар тақырыптарында кездесу өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Базарғалиұлы Балғалиев пен университет ректоры Жанар Амангелдіқызы Темірбекова қатысты.
Кездесу барысында департамент басшысы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметі, қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу және Агенттікке қызметке қабылдау тәртібі туралы баяндады. Студенттерге іріктеу кезеңдері мен қызметке орналасу талаптары түсіндірілді.
Департамент қызметкері Гүлзия Қарсыбай қаржылық қауіпсіздік, дропперлік операциялардың қауіптері және олардан сақтану жолдары туралы дәріс оқыды.
Іс-шара аясында университет ректоры Жанар Темірбековаға Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының атынан университетпен өзара ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін алғыс хат табысталды. Сонымен қатар ректор департаментте қызмет атқарып жүрген ХҚТУ түлектеріне магистратурада білім алу үшін ректор гранттарын табыс етті.
Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Іс-шара жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және кәсіби бағдар беруге бағытталды

