Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында су ресурстарының тапшылығын стратегиялық мәселе ретінде атап, суды тиімді пайдалану, су шығынын азайту және су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты. Бұл бастамалардың еліміздің болашақтағы экономикалық және экологиялық қауіпсіздігі үшін маңызы зор.
Әсіресе, ауыл шаруашылығы басым бағыт саналатын Түркістан облысында су мәселесі ерекше өзекті. Егіншілік пен мал шаруашылығының тұрақты дамуы тікелей су ресурстарына байланысты. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу, каналдарды жаңғырту, суару жүйелеріндегі шығынды азайту және шаруаларды заманауи әдістерге бейімдеу қажет.
Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын пайдалану арқылы суды тиімді жұмсап қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімділігін де арттыруға болады. Сонымен қатар су есебін цифрландыру мен су тұтынуға бақылауды күшейту маңызды.
Менің ойымша, су үнемдеу тек мемлекеттік органдар мен шаруалардың міндеті емес. Әрбір тұрғын тұрмыста суды ұқыпты пайдаланып, табиғи ресурстарды қорғауға үлес қосуы керек.
Су – шексіз ресурс емес. Бүгінгі үнем мен жауапкершілік – ертеңгі ұрпақтың тұрақты тіршілігінің кепілі.
