«Әділет» партиясы Еңбекші аудандық филиалының «Жәрдем» бастауыш партия ұйымында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген басым бағыттарды талқылауға арналған жиын өтті.
Жиын барысында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттер мен стратегиялық бастамаларға, әсіресе денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған тапсырмаларға кеңінен тоқталды. Басты назар халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге және сала мамандарын әлеуметтік тұрғыдан қолдауға аударылды.
Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін жаңғырту, жалпы практика дәрігерлерінің кәсіби мүмкіндіктері мен өкілеттіктерін кеңейту, медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар учаскелік медицина мамандарының еңбекақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру жөніндегі бастаманың маңыздылығы атап өтілді. Бұл қадам медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың кәсіби ынтасын арттыруға және кадрлық әлеуетті нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Сондай-ақ елімізде 8 заманауи перинаталдық орталық пен 7 көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарлары сөз болды. Оның ішінде Шымкент қаласында жаңа балалар ауруханасын салу бастамасына ерекше назар аударылды. Қатысушылар аталған жобалардың ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық инфрақұрылымды дамыту және балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Жолдауда жүктелген міндеттерді сапалы әрі жүйелі жүзеге асырудың маңызына тоқталып, денсаулық сақтау саласындағы реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әрбір азамат үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету екені айтылды. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалау, олардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасау және саланың материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігі де назардан тыс қалмады.
Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттарды іске асыруда қоғамдық ұйымдардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің маңызын тағы бір мәрте айқындады.
