«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөздің астарында ұрпаққа өнеге боларлық үлкен мән жатыр. Өйткені мал – бір әулеттің дәулеті болса, тал – тұтас елдің игілігі. Бүгін егілген көшет ертең саялы баққа айналып, келер ұрпақтың қажетіне жарайтын құнды мұра болмақ.
Осы ұстанымды негізге алған Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Бадам станциясының 2007 жылғы түлектері өздері білім алған, балалық шағы мен жастық кезеңі өткен туған жеріне тағылымды тарту жасады. Түлектердің ортақ бастамасымен арнайы аллея қалыптастыру жұмыстары қолға алынып, оның аумағына 1000-нан астам ағаш көшеті отырғызылды.
«2007 жылғылар аллеясы» деп аталатын бұл бастама – бір жылғы түлектердің бас қосуымен шектелмейтін, туған жерге деген құрмет пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Игі шараға аудан басшылығы да арнайы қатысып, бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында өмірден өткен сол жылғы сыныптастардың рухына арнап Құран бағышталып, дұға жасалды. Бұл – бірге оқыған жылдардың, ортақ естеліктер мен достықтың уақыт өткен сайын ұмытылмайтынын көрсететін тағылымды сәт болды. Марқұм сыныптастарды еске алу арқылы олардың жарқын бейнелері ортақ игі істің тарихында сақталмақ.
Сонымен қатар Құран бағыштау рәсіміне арнайы келген ел ағалары да игі бастамаға қолдау білдіріп келеді. Әр жылғы түлектер атынан қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, аллеяны абаттандыру мен дамыту жұмыстарына қосымша үлес қосуда. Бұл – аға буынның кейінгі ұрпаққа көрсеткен өнегесі, туған жердің өркендеуіне деген жанашырлығының белгісі.
Мұндай бастамалардың құндылығы тек отырғызылған ағаштардың санымен өлшенбейді. Ең бастысы – ортақ мақсат жолында бас қосқан азаматтардың бірлігі, туған жерге деген жанашырлығы және игілікті істі жыл сайын жалғастыруға деген ниеті.
Аллеяны қалыптастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, егілген көшеттерді күтіп-баптау, аумағын көркейту және жасыл желек көлемін арттыру көзделіп отыр. Себебі ағаш отырғызу – бір күндік науқан емес, оның жемісін көру үшін тұрақты күтім мен жауапкершілік қажет.
Бұл бастама елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының да мақсат-міндеттерімен үндеседі. Туған жерді таза ұстау, табиғатты қорғау, жасыл желекті көбейту – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Бір қарағанда, мыңнан астам көшет отырғызу қарапайым шаруа болып көрінуі мүмкін. Алайда оның артында тұтас бір буынның ауызбіршілігі, туған жерге деген сағынышы, өмірден өткен достарына деген құрметі және болашақ ұрпаққа қалдырғысы келген аманаты жатыр.
Бүгін егілген тал ертең саяға айналады. Ал сол саяның астында болашақ ұрпақ туған жердің тарихын танып, осы игі істі бастаған аға буынның өнегесін жалғастырады.
Өйткені туған жерге қалдырған ең жақсы мұра – көзге көрінетін дүние ғана емес, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын ізгі іс.

