Бүгін «Karlskrona LC AB» ұжымында Шымкент қаласының мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов пен AMANAT партиясы фракциясының әрі қалалық штабтың мүшелері Т.Балтабаев, А.Наймбекова және Н.Керімбаевалар бірге ұстаздармен кездесу өткізді. Кездесу барысында еліміздің келешегі үшін қоғамның талаптарын ескере отырып, саяси реформаларды іске асыруда басты назарға алынғаны айтылды. Қазіргі Конституция 98 баптан тұрса, ал референдум барысында 31 бапқа түзету мен 2 жаңа баппен толықтырылып, Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы қадамдары іске асырылатынын түсіндірдік.
Атап өтсек, референдум өткізу жайлы ұсыныс жасаған кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Референдум әр азаматтың ел тағдырын шешуге, демократияны нығайтуға және Жаңа Қазақстанды құруға атсалысуына мүмкіндік береді. Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан, мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын» – деген болатын. Демек, алдағы референдум арқылы мемлекетіміздің басты байлығы болып саналатын әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы, бір сөзбен айтқанда қоғамдағы мәртебесі беки түспек. Сонымен қатар, президенттен бастап, көптеген басқарушы органдардың өкілеттіліктеріне өзгерістер енгізілетін болады. Нәтижесінде әрбір тұрғыны өз құқығын талап ете алатын және билік өкілдері мен құқық қорғау органдары құзіретін асыра пайдалана алмайтын «Жаңа Қазақстан» құрылады деп сенеміз.
Мұны Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз, бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» — деген сөзінен де аңғаруға болады.