Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ ауылдық округіндегі №2 мектебінде өткізілген соңғы қоңырау салтанатына қатысып, ізгі тілегін білдірді.
«Бүгін білім нәрімен сусындаған алтын ұя мектебінің табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқалы отырған барша мектеп бітіруші түлектерді шын жүректен құттықтаймын. Биыл 1451 мектеп түлектері аттестат алып, үлкен өмірге қадам басады. Осы жас буын мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің өсіп-өркендеуіне барынша атсалысады деп сенемін. Сіздерге ақ жол тілеймін!», — деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, ата-аналар атынан Гулчехра Бабатаева және 11 сынып оқушысы «Алтын белгіге» үметкер Жансезім Маханбет сөз сөйлеп, бүгінгі мектеп табалдырығын аттаған мектеп түлектерін қуанышты сәттерімен құттықтады.
Қазіргі таңда елімізде жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне айрықша назар аударылып, оқушылармыз заманауи білім алуларына барлық жағдайлар жасалып келеді. Ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдары 2023-2024 оқу жылын 25523 оқушымен аяқтап отыр. Бұл оқу жылы ауданның білім саласы үшін жетістіктерге толы жыл болды. Республикада тұңғыш рет ұйымдастырылған Ауыл балаларына арналған ауыл олимпиадасында 6 оқушы республикалық кезеңге қатысып, 1-2 орындарға ие болды. Жалпы, білім беретін пәндер бойынша 9, 10, 11 сыныптардан 40 оқушы облыстық кезеңге қатысып, 6 оқушы республикадан жүлде алды.
Соңғы қоңырау салтанатты кеші мектеп оқушыларының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласып, мектеп түлектерінің қоштасу биімен жалғасын тапты. Соңғы қоңырау шарасы ауданға қарасты барлық ауылдық округтердегі мектептерде ұйымдастырылды.