Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Қабылдауға келгендер негізінен тұрғын үй, ауыз су, жер мәселелерін көтеріп, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.
Ленгір қаласы, Новостроевка елді мекенінің тұрғыны Ж.Абдыкадырова коммуналдық пәтерді жекешелендіруге қатысты сұрақтарын қойып, сала мамандарынан кеңес алды.
Жіңішке елді мекенінің тұрғыны Г.Мұздыбаева жаздың аптап ыстықтарында ауыз су тапшылығы орын алатынын айтып, көше бойындағы лотоктардың орналасуына қатысты шағымын жеткізді.
Ленгір қаласының тұрғыны Т.Кененбаев Көксәйек елді мекенінде өз жекеменшігіндегі 4,4 га жердің мақсатын өзгертіп, элиталы коттедждер құрылысы бастауды жоспарлағанын, құны 4,8 млрд теңгені құрайтын бизнес жобасымен таныстырды.
Қоғалы ауылдық округ тұрғыны С.Агжигитов балық, құс шаруашылығын дамытуды қолға алғанын, елді мекен тұрғындарының қолдауымен ауыл шаруашылық саласын жүргізуге жер қарастырылғанын айтып, заң аясында шешу жолдарына қатысты мамандардан кеңес сұрады.
Зертас елді мекенінің тұрғыны С.Анетбекова мен Р.Садықова көршілері өз ауласында 60 ға жуық ірі қара мал бағатынын, оның қиы мен нәжісінің иісінен өз үйінде таза ауамен тыныстай алмай жүргендеріне арызданды.
Көксәйек елді мекенінің тұрғыны С.Ешенқұлова жеке тұрғын үйінің құрылысын аяқтауға көмек беріп отырған демеушілерге алғысын жеткізді.
Аққұм елді мекенінің тұрғыны Қ.Балғабаев «Қазақ соқырлар» қоғамының тексеру комиссиясының төрағасы ретінде атқарған жұмыстарымен таныстырып, мемлекеттік марапатқа ұсынуды өтінді.
Нысанбек елді мекенінен келген бір топ азаматтар өздерінің иелігіндегі жерлерге қатысты туындағы келіспеушіліктерді әңгімелеп, оны шешуге көмек сұрады.
Журналист Л.Асанова мен О.Алтаева Ленгір қаласы бірінші мөлтек аудандағы заңсыз құрылысы жүргізілген гараждарға, «Изуми» демалыс аймағының қызыл сызықтан шығып кеткеніне, «Тең қоғам» орталығының құрылысына қажетті мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты өзінің пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы көтерілген мәселелерге сала мамандарының уақытылы жауап беріп, кері байланыс орнатуына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Жеке қабылдау барысында азаматтар өз өтініштерін тікеле й аудан әкімі Төлеген Тұртайұлына жеткізе отырып, оның шешу жолдары мен мерзімдеріне қатысты салаға қатысты мамандардан жауап алды. Аудан басшысы әрбір тұрғынмен жеке сөйлесіп, оларды толғандырған мәселелерімен жете танысып, орындалу барысы тікелей бақылауында болатынын айтып, арнайы хаттама толтырылды.