Кентаулық талапкер Айдос Қожанов Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, жоғары 138 балл жинады. Бұл көрсеткіш әзірге еліміз бойынша ең жоғары нәтиже. Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді.
Айта кетсек, Кентау қаласында 2023-2024 оқу жылында 857 түлек мектеп бітіріп,оның Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 788 өтінім білдірген. Оның 43-і — «Алтын белгі» белгіге, 54оқушы — «Үздік аттестатқа» үміткер.
Айдос алғаш тестілеу нәтижесін естіген кезіндегі сезімін бөлісті.
“138 баллды көргенде қатты таң қалдым. Сол жердегі бақылаушы апайлар да сенбей, таң қалып тұрды. Кейін қай сұрақтан қателескенімді тексердім. Математика мен тарих сабағынан екі сұрақтан сүрінген екем. Екеуі де оңай тапсырмалар еді. Нәтижеме қуаныштымын. Қазақстан бойынша үздік болған керемет сезім екен. Бірінші сүйіншіні Алматыда жұмыс істеп жүрген ағамнан сұрадым. Үйде алты баламыз. Мен бесіншісімін. Бір жас үлкен ағам да биыл түлек атанып, ҰБТ тапсырды. Ол 118 балл жинады”, – дейді Айдос Қожанов.
Әзірге ел бойынша рекордтық көрсеткішке ие болған мектеп түлегі өз көзіме өзім сенбедім дейді. Ол дайындық кезінде 137 баллға қол жеткізген екен. Физика-математика пәнін таңдаған кентаулық жігіт әкесінің жолын қуып педагог болуды армандайды.
“Балам кішкентай кезінен өте тиянақты. Есеп деген жинақылықты қалайтын сала ғой. Айдостан үлкен балаларымның бәрі математик. Бәрі Алматыға грантқа оқуға түскен. Аналары үйде. Үй шаруасымен отыр. ҰБТ тапсыратын жерге аналары барды. Сөйтіп, нәтижені сүйіншілеп айтқанда қатты қуандым. Бұл баламның таңнан қара кешке дейін мектептен шықпай, оқыған сабағының нәтижесі ғой” дейді Хайрулла Қожанов.
Айдос 10-11 сынып оқушыларына арналған мектепке тест арқылы іріктеліп өткен. Онда да ең жоғары нәтижеге ие болып, 100 ден аса баланың арасында бірінші орын алған. Сөйтіп, түлектерге арналған мектепте тегін оқыпты.
“Бүгінгі күнге дейін 110 баламыз ҰБТ-ға кіріп шықты. Оның 85-87 пайызы 100 балдан асып отыр. Ал, Айдос болса біздің мақтанышымыз. Қазақстан бойынша рекорд қойып жатыр. Бұл жігіт бізде жылдың басынан бері жоғары балл жинап келе жатыр. Бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Біздің бұл баладан үлкен үмітіміз болды. Күттік. Үмітіміз ақталды”, – дейді мектеп директоры Шахрух Каримжанов.
Айта кетейік, бұл Айдос Қожановтың ҰБТ дағы бірінші мүмкіндіктен алған көрсеткіші. Математика және тарих пәнінен берілген сұрақтан мүлт кеткен талапкер бір айдан соң тағы да бағын сынайды. Және 140 баллмен рекорд орнатуды қалайды. Айта кетейік, Қазақстанда 16 мамырда басталған ҰБТ 4 шілдеге дейін жалғасады.
Еске салсақ, Түркістандық оқушы Қазақстан бойынша ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған еді.