Шардара ауданында жүгеріден 26 түрлі өнім шығаратын зауыт салынып жатыр. Қазіргі таңда өндіріс орнының бір бөлігі іске қосылып, 8 түрлі өнім шығарып отыр. Толығымен іскен қосылған кезде ауданның 500-ден астам тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Айта кетерлігі, жүгері өңдеу зауыты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдейді. Жобаның жалпы құны – 31 млрд теңге.
Зауытқа қажетті жүгері дақылдары жергілікті жеке шаруа қожалықтарынан алынатын болады. Осыған дейін мақта, бидай егіп келген диқандар биылдан бастап жүгері егіп, өнімін осында өткізуді көздеп отыр. Ірі өндіріс орнының құрылысы екі кезеңнен тұрады. 2023 жылы жүгеріні сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталған. Ал 2024 жылы жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы басталып, 2025 жылы толық іске қосылады. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттамақ. Ал Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы қарқын алып келеді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше өндіріс орнының жай-күйі сараланды. Соның ішінде Сайрам ауданындағы «Наурыз-5» ЖШС-не барып, сұранысы артқан өнімдерімен танысты.
Кәсіпорын «Korkem» сауда белгісімен жеміс пен көкөністер өңдеумен, консервілеумен айналысады. Компания 2023 жылы «Қазақстан Халық Банкінен» жабдықтар сатып алуға жылына 21,75%-бен несие алған. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 16,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнімдер МемСТ бойынша сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервленген өнімдер (джем, тұздық, тосап, паста т.б) шығаратын әмбебап технологиялық желімен қамтылған. Бұндай заманауи жабдықтар сатып алу мақсатында қомақты инвестиция салынған. Өнім еліміздің барлық облысында сатылады. Консервілер жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөністер мен жидектер қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецептімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.
Ауданда бұдан бөлек полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын өнімдеріне соңғы кездері сұраныс та артқан. Себебі, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазіргі таңда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады.