Жаз айлары — мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Оқу жылында әр бір тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Сондықтан балалардың ағзасын сауықтыруға, эмоциалық, жеке тұлғалық, танымдық тұрғыда дамытумен қатар бала денсаулығымен өміріне қауіпсіз жағдай жасау үшін ересектердің күшін жұмылдырып біріктіру өте маңызды. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Искаков атап өтті.
– Балаларды сауықтыруға арналған жазғы демалыс мекемелерінің жұмысын бастамас бұрын олардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қалыпқа келтіру шаралары жүргізілуі тиіс. Ол үшін материалдық-техникалық базаны дайындау, сумен қамту, кәріз жүйелерін жақсарту, технологиялық және мұздатқыш қондырғыларының дұрыстығы, жұқпалы ішек аурулары мен тамақтан уланудың алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Аталған іс-шараларының орындалуы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі бұйрығының талаптарындағы санитариялық қағидалары негізінде жүргізіледі, — дейді департамент басшысының орынбасары Асқар Искаков.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері (7 мемлекеттік, 15 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «URKER» жазғы сауықтыру лагері іске қосылды. Жоба құны 400 млн теңге болатын кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылады.
Демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысқан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов тұрғындарды құттықтап, балаларға жазғы демалысты жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.
— Жазғы демалыста осы лагердің іске қосылғаны біз үшін де, балалрымыз үшін де қуанышты жағдай. Енді балаларымыз жазғы уақыттарын ата-анасынан жырақта емес, жақын маңайдағы табиғаты керемет лагерде демалатын болады. Демалып қана қоймай, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік болады. Осындай игі істі қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді қала әкімінің орынбасары.
«URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Мұнда балаларға жаз бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Лагерь аумағында бассейн және түрлі спорт алаңдары орнатылған. Жалпы аумағы — 20 гектар. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер демалыс аймағын, гольф алаңын, үлкен бассейн, ипподром, этно ауыл және үлкен теннис алаңын салуды жоспарлап отыр.