Бүгін Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Зағамбар ауылында өңірдегі этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық ойындарынан «Ұлттық ойын – қазына» атты облыстық сайыс өтті.
Аталған спорт сайысы облыстағы құзырлы органдардың ведомствоаралық жоспарына сәйкес және Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ұлттық спортты ұлықтаған додаға Кентау қаласы, Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандары және Зағамбар ауылының этнос жастарынан құралған командалар қатысты. Онда жастар ұлттық ойындардың 8 түрінен, атап айтқанда, қазақ күресі, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту, қол күресі, ләңгі тебу, арқан тартудан бақ сынады.
Спорттық шарада сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев бұл сайыс этнос өкілдерінің достығын, берекелі бірлігін одан әрі нығайтатынын айта келе, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Шынықсаң — шымырсың» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Спорт тек денсаулық кепілі ғана емес, түрлі этностар арасындағы ынтымақтастықты, достықты нығайтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде Ассамблея маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. Бүгінгі жарыстың негізгі мақсаты осы — өңірдегі этнос жастарының Отанға, елге деген құрметін арттыру, этносаралық бірлікті насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Білесіздер, қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған. Бұл спорттық шара жыл сайын өткізіліп келеді.Жарысқа жастардың көптеп қатысуы олардың спортқа деген қызығушылығы зор екенін көрсетеді. Мұндай жарыстардың ел бірлігін бекемдеуде маңызы жоғары», деді Ерлан Күзембаев.
Тартысты бәсекеде қол күрестен түлкібастық Тойрат Касимов қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Ал, мақтааралдық Еркебұлан Дауылбаев екінші, түлкібастық Дамир Касимов үшінші орынға ие болды.
Арқан тарту сайысы жұрттың қиқу салып, қызу қолдау танытқан жарысы болғанын айта кеткен жөн. Бұл сайыста Төлеби ауданы құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 2 орынды Сайрам ауданы құрамасы, 3 орынды Зағамбар ауылы құрамасы иеленді.
Сондай-ақ қошқар көтеру сайысында Зағамбар ауылы құрамасынан Дулат Жантаев топ жарды. Ол қошқарды 49 рет көтерді.
Ал тоғызқұмалақ бәсекесінде Балташ Айгерім жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынды сайрамдық Азиз Тургунов иеленсе, үшінші орынды кентаулық Рамазан Бадиров алды.
Қазақ күресінен өткен сайыста мақтааралдық Заир Заиров ептілігі мен шеберлігін паш етіп, түйе балуан атанды. Садақ тарту сайысында сайрамдық Ибрахим Турдаметов жеңіс биігінен көрінсе, екінші орынға жетісайлық Батырхан Абишев, үшінші орынға түлкібастық Мирмурад Мирабзалов ие болды. Ләңгі тебуде жетісайлық Сәбит Жантелиев жеңімпаз болса, екінші орынды кентаулық Аброр Шарипов, үшінші орынды Самандар Баттал иеленді. Ал асық атуда зағамбарлық Бекасыл Ерментайдың абыройы асқақтады. Бұл сында кентаулық Дилнур Насируллаев екінші, зағамбарлық Айғани Күздеубаев үшінші орынды жеңіп алды.
Жарыстың қорытындысында жалпыкомандалық есепте Төлеби ауданы топ жарды. Ал Жетісай ауданы екінші, Түлкібас ауданы үшінші орынды иеленді.
Сайыс соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев және «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жеңімпаздарды арнайы марапаттап, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыстады.