Бүгін Бәйдібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қырғызалиев Бақыт Тұрсынәліұлының төрағалығымен «мемлекеттік бюджеттен субсидия алған салық төлеушілерді әкімшілендіру, тиісті салық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жалдамалы жұмысшыларды толық түгендеу мәселелері» бойынша жиын өткізілді.
Жиынға ауылдық округтердің әкімдері, салық инспекторлары, сондай-ақ аудандық тиісті мекемелердің жауапты мамандары қатысты.
Жиын барысында Бәйдібек аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Сұлтанбек Ердіқалықов баяндама жасап, жоғарыда аталған бағыттар бойынша қазіргі ахуал, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары туралы ақпарат берді. Ол өз сөзінде субсидия алған әрбір шаруашылық субъектісі салық заңнамасының талаптарына сай міндетті төлемдерді уақтылы және толық көлемде төлеуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, тіркелмеген жалдамалы жұмысшыларды анықтау және олардың заңды есепке алынуын қамтамасыз ету жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Жиын соңында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ауылдық округ әкімдері мен салық органдарына бірлесіп жұмыс атқару, түсіндіру жұмыстарын күшейту, салық төлеушілермен жеке жұмыс жүргізу және жалдамалы жұмысшылар бойынша нақты мәліметтер базасын қалыптастыру тапсырылды.
Бұдан өзге, аудан орталығында орналасқан бірқатар азық-түлік дүкендеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы топ тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Штаб мүшелері дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын бақылап, кәсіпкерлерге бағаларды негізсіз көтермеу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, штаб мүшелері құрамында қосымша кіріс көздерін ұлғайту және көлеңкелі экономиканың алдын алу мақсатында құрылған жұмыс тобы да болды. Кәсіпкерлік субъектілеріне жұмысшы санын заңды түрде тіркеу мен салықтық тәртіпті сақтау жөнінде кеңес берілді.
Бұған қоса, Созақ аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан “Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал” және “Бәйге” акциялары аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, халыққа тұтынушы ретінде түбіртек талап етудің маңыздылығы түсіндірілді. Тұрғындар мен кәсіпкерлерді баға тұрақтылығы мен заң талаптарын бірлесе сақтауға шақырды.
Штаб құрамында аудан әкімінің салалық орынбасары, салаға жауапты мамандар мен қоғамдық ұйым мүшелері болды.