Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров атап өтті.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.
– Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд.теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып жатыр. – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған.
Облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Индустриалды аймақтарда ұсынылған инфрақұрылым кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай жасап, жаңа өндірістерді қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңір экономикасына түсетін инвестиция ағынын көбейтіп, кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп отыр.
Қазіргі таңда облысқа келетін инвесторлар саны артып келе жатқаны байқалады. Оларға ұсынылатын жеңілдіктер мен дайын инженерлік желілер өндіріс ашу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Әсіресе, құрылыс материалдары, агроөнеркәсіп және жеңіл өнеркәсіп бағытындағы жобаларға сұраныс жоғары. Тәжірибелі мамандарды тарту, жергілікті кадрларды оқыту және еңбек өнімділігін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде.
Индустриалды аймақтарда орын алған оң өзгерістер өңір халқының әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етуде. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, тұрақты табыстың артуы және жастардың өндірістік салаларға қызығушылығы – Түркістан облысының экономикалық дамуда жаңа деңгейге көтерілгенінің айғағы. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақта жүзеге асып жатқан жобалар алдағы уақытта экспорт көлемін ұлғайтып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыра түседі.
Өңірдің өндірістік инфрақұрылымын дамыту алдағы жылдары да жалғасады. Жоспарланған жобалар іске асқанда, Түркістан облысы өнеркәсіп саласында еңбек ететін жаңа кәсіпорындардың орталығына айналып, елдің индустриалды картасынан лайықты орын алмақ. Инвестиция көлемінің ұлғаюы мен жаңа өндірістердің ашылуы облыстың экономикалық өсіміне ұзақ мерзімді оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
