Түркістан облысында өнеркәсіптік даму қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, 2025 жылдың 10 айында облыста өнеркәсіп саласында 107 миллиард теңге көлемінде 22 жаңа жоба іске асырылып, нәтижесінде 2443 жаңа жұмыс орны ашылған. Аталған жобалардың ішінде маңызды әрі ірі жобалар қатарында Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны – 35 млрд теңге, 300 жұмыс орны), Отырар ауданындағы екі мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны – 21 млрд теңге, 960 жұмыс орны), Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны – 9 млрд теңге, 96 жұмыс орны) және Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны – 8,5 млрд теңге, 150 жұмыс орны), Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны – 8 млрд теңге, 150 жұмыс орны) бар. Жыл соңына дейін қосымша 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылып, тағы 103,5 млрд теңге инвестиция тартылуы, жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда. Сонымен қатар, Президенттің Жолдауына сәйкес облыс көршілес Өзбекстанмен экономикалық байланысты нығайту мақсатында 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылып, бұл нысан кеден бекетімен, заманауи қоймалармен және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады. Қазіргі таңда орталыққа қызығушылық танытқан жеті инвестор жобаларын жүзеге асыруға дайындалып отыр, нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд теңге инвестиция тартылып, 1175 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 355 млн теңге салық түсетін болады. Құрылыс жұмыстары қазіргі уақытта 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінде қарқынды жүргізіліп, келесі жылы нысандардың іске қосылуы жоспарланған. Облыстағы индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар және шағын өндірістік парктердің жұмысы жанданып, 10 айдың қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 триллион теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызға жетті. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының индустриялық әлеуетін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің халықаралық инвестициялық тартымдылығын нығайтуға бағытталған нақты шаралардың жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.
