Түркістан облысында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау бағытындағы ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркістан маңында 100 гектар аумақты қамтитын «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында жалпы 152 ғимарат салынып, 6 040 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланған. Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңінде 40 ғимарат бой көтеріп, 32 жоба іске қосылды, нәтижесінде 1 220 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджеттің әрбір 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.
Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылған. Отандық өндірісті дамыту арқылы 27 млрд теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткізілді. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиһаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен қамтамасыз ету және экспортқа шығару мүмкіндіктері қарастырылуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров атап өткендей, шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысып жатыр, әрі әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауылдық округтерде өндірістік алаңдар мен кәсіпорындар ашылмақ.
Мысалы, Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылып, 30 млрд теңгеге 115 жоба іске асырылып, 1 124 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде, инвестиция көлемі 10,4 млрд теңге, 100 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Облыс әкімі атап өткендей, жобалардың мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кетті.
Қазіргі уақытта облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылып, негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалған. Бүгінгі таңда 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде, ал келесі жылы олар толық аяқталып, іске қосылмақ. Бұл жобалар өңірде отандық өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорт әлеуетін арттыруға және экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалар болып отыр.
