Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында өңірдегі агроөнеркәсіптік кластерлердің дамуы туралы жан-жақты баяндады. Ол өңірдің географиялық-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, үш негізгі кластерлік бағытты дамыту қолға алынғанын атап өтті: мақта, ет және жүгері кластерлері.
Мақта-тоқыма кластері мақтаны өсіруден бастап, шикізатты терең өңдеуге дейінгі барлық өндірістік процестерді қамтиды. Мұнда элиталық сорттағы мақтаны су үнемдеу технологияларын қолданып өсіру және дайын тоқыма өнімдерін өндіру қарастырылған. Қазіргі таңда мақта кластерінде бес жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд теңге инвестиция тартылуы жоспарланған. Осы кластерде мақта өнімділігінің 2-3 есеге артқаны болжануда, ал жылдық өндіріс көлемі 229 мың тоннаны құрайды. Биыл пилоттық жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді, түсім жоғары болды, екі мақта өңдеу зауыты іске қосылып, жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуға жақын.
Жүгері кластері Шардара ауданында дамуда. Мұнда «Казкрахмал» зауыты салынуда, оның құны 35 млрд теңге, 251 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Кластерлік жобаны іске асыру нәтижесінде жүгері алқабы 40 мың гектардан 2030 жылға қарай 70 мың гектарға жеткізіледі.
Ет кластері бағытында өңірде жеті ірі жоба іске асырылуда. Жобалардың жалпы құны 50 млрд теңге, қуаттылығы 35 мың тонна, 802 жаңа жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін кешендер мен заманауи мал биржалары салынып жатыр. Қазіргі таңда «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылып, қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік беруде. Бұл кластер отандық терең қайта өңдеуді дамытуға және шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясы ет бағытында ірі құс фабрикасының құрылысын бастап кетті. Жобаның құны – 53 млрд теңге, ал фабрикада жылына 48 мың тонна құс еті өндірілетін болады.
Осылайша, Түркістан облысында мақта, ет және жүгері кластерлерін дамыту өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жұмыс орындарын көбейтіп, отандық өнімдерді терең өңдеуге серпін беруде.
