Түркістан облысының Шардара ауданында ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін дәріптейтін, еңбек адамдарын ұлықтауға бағытталған ауқымды іс-шара – «AGROFEST Шардара – 2025» мерекесі өтті. Шардара аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты жиын агроөнеркәсіп кешенінің үздік өкілдерін марапаттаумен және мерекелік бағдарламамен ерекшеленді.
Еңбек адамы – ел экономикасының тірегі
Шара барысында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев ауыл шаруашылығы саласында адал еңбегімен көзге түскен диқандар мен шаруа қожалығы басшыларына алғысын білдіріп, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады. Бұл – жыл бойғы маңдай тер мен қажырлы еңбектің лайықты бағалануы.
Аудан басшысы өз сөзінде Шардара өңірінің аграрлық әлеуеті жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, диқандардың бірлігі, жаңа технологияларды енгізуі және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі нәтижесінде негізгі дақылдардың барлығы бойынша жоғары өнім алынған.
«Биылғы жылы аудан шаруалары үшін табысты жыл болды. Егіс алқаптарында еңбек еткен әрбір азаматтың үлесі зор. Техника паркі жаңарып, су үнемдеу технологиялары кеңінен қолданылуда. Алдағы жылдың егіс науқаны да жоспарға сай жүргізіліп жатыр, күздік бидай толық егілді», – деді Арман Қарсыбаев.
Сонымен қатар, аудан әкімі жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, барша шаруа қауымына мол өнім, амандық пен береке тіледі.
Аграрлық сектор – аудан экономикасының негізгі тірегі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шардара ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму жолына түскен.
Бүгінде аграрлық сектор аудан экономикасының 80 пайызын құрап отыр. 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 64,9 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,3 пайызды көрсетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,6 млрд теңгеге артық.
Инвестиция мен өңдеу өндірісі – қосылған құн көзі
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында салаға 23 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 10 млрд теңгеден астам қаражат «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытының құрылысына бағытталды. Бұл жоба іске қосылғанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жолға қойылып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Су үнемдеу технологиясы – тиімділіктің кепілі
Су ресурстары тапшы өңір үшін тиімді суару жүйелерін енгізу – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта:
5 мың гектардан астам егістік алқапқа заманауи тамшылатып суару технологиясы енгізілді.
Бұл шара су шығынын айтарлықтай азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді.
Мал шаруашылығы да қарқын алуда
Шардара ауданында мал шаруашылығы саласы да жүйелі дамып келеді. Биыл:
5 жаңа бордақылау алаңы іске қосылып,
олардың жалпы саны 45-ке жетті.
Бұл ет өндірісінің көлемін арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізуде.
Мереке – рухани серпіліс пен ынтымақ алаңы
Іс-шара соңы мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, ән мен әуенге толы кеш қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «AGROFEST Шардара – 2025» еңбек адамын ұлықтап қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін берген маңызды алаңға айналды.
