Түркістан облысында медицина саласы қарқынды дамып келеді. Жыл сайын өңірде жаңа нысандар бой көтеріп, халықтың әлеуметтік ахуалы артуда. Ал медициналық нысандардағы техникалық база жаңартылып, күрделі ота жасату қолжетімдігі артып келеді. Бүгінде Түркістан облысының орталығында өңірдің денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба іске асуда. Яғни, 570 орынды көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Құрылыс барысы басты назарға алынған. Бұл нысан іске қосылған жағдайда Түркістан облысы ғана емес, көршілес аймақ тұрғындары үшін де жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Аталған жоба түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке инвестициялық бастамасы негізінде жүзеге асырылуда. Компания халықаралық стандарттарға сай медициналық нысандар салу тәжірибесіне ие және Түркістандағы аурухана да сол талаптарға сәйкес бой көтеріп келеді. Яғни тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету көрсеткіші тағыда артады деген сөз.
Құрылыс барысы – тұрақты бақылауда
Түркістан облысына ресми іссапармен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сапар барысында мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жобаның ағымдағы жағдайы, құрылыс қарқыны және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.
Қанат Бозымбаев жобаның стратегиялық маңызын атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, сондай-ақ барлық инженерлік инфрақұрылымның толық әрі уақтылы аяқталуын тапсырды. Оның айтуынша, бұл аурухана өңірдегі медициналық қызметтің сапасын арттыруға тікелей әсер ететін маңызды нысан болуы тиіс.
Заманауи медицина және кадр даярлау
Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров болашақ аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз ету, сондай-ақ кадр мәселесін алдын ала шешу қажеттігін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, аурухана тек стационарлық емдеу орны емес, жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсететін аймақтық орталыққа айналуы қажет.
Осы мақсатта:
білікті дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерді даярлау;
жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын мамандарды тарту;
медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында нақты жоспарлар әзірлеу көзделіп отыр.
Нысанның техникалық сипаттамасы
Құрылып жатқан аурухана 15,6 гектар аумақта орналасқан.
Ғимарат 7 қабаттан тұрады;
Жалпы ауданы – 83 277 шаршы метр;
Аурухана 570 төсек-орынға лайықталған.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған. Жоба кестеге сәйкес жүзеге асырылуда және нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Өңір үшін маңызы зор жоба
570 орынды көпбейінді аурухананың іске қосылуы Түркістан облысының медициналық инфрақұрылымын айтарлықтай нығайтады. Бұл жоба:
тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады;
күрделі оталарды өңірде жасауға мүмкіндік береді;
медициналық туризмді дамытуға жол ашады;
жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Түркістандағы 570 орынды көпбейінді аурухана құрылысы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық жоба. Құрылыс жұмыстары мемлекет тарапынан тұрақты бақылауда, ал жобаның уақтылы әрі сапалы аяқталуы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Бұл нысан Түркістан облысын заманауи медицинасы дамыған өңірлердің қатарына қосатын маңызды орталықтардың біріне айналмақ.
