Түркістан қаласында, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек адамдарының мәртебесін көтеру және жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған ерекше іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында және Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткізілді. Іс-шаралар университеттің академиялық және қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып жүрген мамандарға алғыс білдіру, олардың еңбегін дәріптеу және жастарды кәсіби еңбекке ынталандыруға бағытталды.
«Еңбек» фотокөрмесі: күнделікті еңбекке құрмет
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Еңбек» фотокөрмесі еңбек адамын дәріптеуге арналды. Көрмеде оқу орнының әртүрлі саласында еңбек ететін қызметкерлердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Мұнда оқу орнының шаруашылық-техникалық қызметкерлері, қазандық және су қоймасы операторлары, құбыр жөндеушілер, еден жуушылар, бағбандар, сушылар, агротехника жүргізушілер, аула сыпырушылар, ағаш шеберлері, жатақхана кезекшілері және басқа да мамандар басты кейіпкер болды.
Фотокөрме – университет пен Beine.Pro интернет журналының бірлескен шығармашылық жобасының нәтижесі. Суреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және тәжірибелі фотографтар түсірді. Фотокөрме арқылы студенттер мен көрермендер еңбек адамдарының маңыздылығын, олардың күнделікті еңбегінің күрделілігі мен жауапкершілігін тереңірек түсінді. Көрме алдағы уақытта университеттің және Beine.Pro платформаларының әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ сайттарында жарияланып, кең аудиторияға қолжетімді болады. Бұл шара кәсіби фотожурналистика мен медиажобаларды дамытуға да үлес қосады.
Инновациялық Хакатон: жастардың шығармашылық әлеуеті
Сонымен қатар, университеттің Коммерцияландыру офисінің бастамасымен Инновациялық Хакатон өткізілді. Бұл іс-шара оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жаңашыл идея ұсынуға ынталы жастарға арналған. Хакатонға қатысушылар өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды.
Жарысқа қатысқан командалар ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру бағыттары бойынша нақты және қолданбалы шешімдер жасады. Қысқа мерзім ішінде жобаларды әзірлеу барысында қатысушылар идеяларын пысықтап, оны инновациялық жобаларға айналдыру арқылы кәсіби шеберліктерін, техникалық ойлау қабілеттерін және командалық жұмыс дағдыларын көрсетті.
Ұсынылған жобалар идеяның өзектілігі, техникалық жүзеге асырылу деңгейі, жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы және таныстырылым сапасы бойынша сарапшылар тарапынан жан-жақты бағаланды. Ең үздік жобалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды, бұл жас мамандарға әрі ынталандыру, әрі кәсіби дамудың нақты мүмкіндігін берді.
Аталған іс-шаралар еңбек адамын дәріптеу, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы мәртебесін көтеру және жастардың шығармашылық әлеуетін ашу мақсатында ұйымдастырылды. Фотокөрме мен Хакатон жастарға өз кәсіби дағдыларын көрсетуге мүмкіндік беріп, еңбекке деген құрметті қалыптастырады, сондай-ақ өңірде инновациялық ойлау мен практикалық шешім қабылдау мәдениетін дамытуға үлес қосады.
Бұл іс-шара Түркістан облысының білім мен еңбек, дәстүр мен инновацияны үйлестіретін әлеуметтік мәдени саясатының нақты көрінісі болып отыр. Университеттің белсенділігі арқылы еңбек адамдары дәріптеліп, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы рөлі артты, ал жастар өздерінің кәсіби болашағын жоспарлау үшін жаңа тәжірибе жинақтады.
