Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және өңірлік экономиканы дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аталған жобалардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар Түркістан өңірлік инвестициялық штабының мәжілісінде кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлермен тікелей диалог орнатылып, туындаған мәселелер ашық айтылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жоба бойынша жауаптылардың есебін тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, өңірдегі кәсіпкерлік пен өндірісті қолдауға ерекше назар аударылды:
«Әлемдегі оқиғалар бізге өндіріс пен терең өңдеу саласын дамыту керектігін тағы да айқындап берді. Шикізат экспорттаушы емес, дайын өнім шығаратын өңірге айналуымыз керек. Сондықтан әрбір жобаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болады. Біз кәсіпкерлер мен инвесторларды, отандық өнімді қолдауға міндеттіміз. Өңірдегі дүкен сөрелерінде, сауда орындарында бірінші кезекте отандық өнімдерге орын берілуі керек», – деді Н.Көшеров.
Одан бөлек, облыс басшысы кәсіпкерлікке жауапты басқармалар мен «Атамекен» палатасына мониторинг жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Осы арқылы Түркістан облысында отандық өндірісті дамыту және жергілікті өнімдерге басымдық беру мәселесі жүйелі түрде шешілмек.
Жаңадан іске асырылатын инвестициялық жобалар
Инвестициялық штаб мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жүргізіп, жаңадан іске асырылатын инвестициялық жобалардың жағдайы баяндалды. Жоба жетекшілерінің ұсыныстары мен мәселелері қаралып, тиісті қолдау көрсетілетіндігі айтылды.
Жобалардың кейбірі:
«TURAN» арнайы экономикалық аймағы, Түркістан қаласы:
«Eurasian packing materials» ЖШС – скотч және полипропилен қаптар өндірісі.
«STRONEX» ЖШС – аяқ киім және полимер шығаратын кәсіпорын.
«Platinum Industry» ЖШС – дизель-генераторлық қондырғыларды өндіру зауыты.
Осы үш жоба аясында шамамен 200 жұмыс орны ашылады.
Төлеби ауданы: алюминий орамдарын өндіретін зауыт ашу.
Түркістан қаласы: көмір электр станциясының құрылысын жүргізу.
Сонымен қатар, 2026 жылы іске асырылатын жобалар, сондай-ақ 2025 жылғы форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері туралы Сауран ауданы мен Кентау қаласы әкімдерінің есептері тыңдалды және тиісті тапсырмалар берілді.
Инвестициялық көрсеткіштер мен экономикалық өсім
Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында соңғы жылдары аймақ экономикасына айтарлықтай инвестициялар тартылуда. 11 ай ішінде облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде:
57 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 310 жаңа жұмыс орны құрылды.
Облыста 20 индустриалды аймақ және «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды.
Индустриалды аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске асырылды.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының өндіріс пен экспортты дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өнімді қолдау бағытындағы жүйелі іс-қимылдарын айқын көрсетеді.
Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан өңірінде отандық өнімге басымдық беру, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл – өңірдің экономикасын терең өңдеу саласына бағыттап, тұрақты дамуына негіз қалайды.
