Түркістан облысында туризм мен ауыл шаруашылығын ұштастырған жаңа форматтағы ірі халықаралық жоба – «Auyl invest fest. Балық аулау – 2026» фестивалі тұңғыш рет ұйымдастырылды. Ауқымды шара «Rauan Ranch» демалыс аймағында өтіп, өңірдің экологиялық-туристік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуға және ауылдық аумақтарға инвестиция тартуға бағытталды.
Фестивальді Түркістан облысы әкімдігі мен «Ауыл» партиясы бірлесе ұйымдастырып, іс-шара ауылдық туризмді жаңа деңгейге көтеретін ерекше бастама ретінде бағаланды. Шараның ашылу рәсіміне «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов арнайы қатысып, мұндай жобалардың өңір экономикасына серпін беретінін және ауыл кәсіпкерлігінің дамуына жол ашатынын атап өтті.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған халықаралық балық аулау турнирі көрермендер мен қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Жарысқа Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласынан және Қырғызстан Республикасынан келген әуесқой әрі кәсіпқой балықшылардан құралған 10 команда қатысты. Қатысушылар балық аулаудың қармақ, спиннинг және фидер сынды үш негізгі түрі бойынша халықаралық талаптарға сай бақ сынады. Бұл формат жарыстың тартысты әрі әділ өтуіне мүмкіндік беріп, қатысушылардың шеберлігін жан-жақты көрсетуге жол ашты.
Турнир барысында қатысушылар табиғат аясында тек спорттық бәсекеге түсіп қана қоймай, тәжірибе алмасып, экологиялық мәдениетті насихаттауға да үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар табиғатты қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану және экотуризмді дамыту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Жарыс қорытындысы бойынша бірнеше аталымда жеңімпаздар анықталды. Қармақпен аулау сайысында Шымкент қаласынан қатысқан Нұрболат Айтбаев бірінші орынды иеленсе, Қырғызстан Республикасынан келген Эрлан Насиридин екінші орынға тұрақтады. Ал Түркістан облысынан қатысқан Төребекали Иманбердиев үздік үштікті түйіндеді.
Спиннинг түрі бойынша Қызылорда облысынан Ғани Абдиев жеңімпаз атанып, Жамбыл облысынан Мелдебек Ерхан екінші орынға ие болды. Қырғызстандық қатысушы Искендер Абдужапаров үшінші орынды қанағат тұтты.
Ал фидерлік құралмен балық аулау сайысында Қырғызстан Республикасынан Жәнібек Абдыжапаров бірінші орынды жеңіп алса, Шымкент қаласынан Нұрболат Айтбаев тағы да жүлделі екінші орыннан көрінді. Қызылорда облысынан Еркін Еркебаев үшінші орынды иеленді.
Фестиваль қорытындысында ұйымдастырушылар мұндай халықаралық деңгейдегі шараларды дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл бастама Түркістан облысының туристік брендін қалыптастыруға, ауылдық аумақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және өңірде экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етпек.
Жалпы алғанда, «Auyl invest fest. Балық аулау – 2026» фестивалі өңірде жаңа туристік бағыттың қалыптасуына жол ашқан маңызды жоба ретінде бағаланып отыр.
