Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың психологиялық әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде. Осы мақсатта өңірде кеңейтілген жұмыс кеңесі өткізіліп, балаларды қорғау жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кеңеске ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия мүшелері, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен психолог мамандар қатысты. Жиын барысында өңірдегі балалардың қауіпсіздігіне қатысты ахуал сараланып, мектептер мен әлеуметтік ортадағы тәуекел факторлары егжей-тегжейлі қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде білім беру ұйымдарында жүргізілген талдау нәтижелеріне тоқталып, балалардың психологиялық жағдайы қазіргі таңда ерекше назарды қажет ететін ең маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік-психологиялық мәселелерді ерте кезеңде анықтау және жүйелі қолдау көрсету – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізгі тетігі болып табылады.
Жиын барысында бірқатар салалық баяндамалар тыңдалды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған алдын алу шаралары туралы баяндаса, облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тілемісов «Қауіпсіз балалық шақ» жобасының іске асырылу барысына тоқталды. Аталған жоба аясында мектептерде профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кеңейтілмек.
Бүгінде Түркістан облысында мыңнан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың психологиялық қолдауымен 1353 педагог-психолог айналысады. Өңірде психологиялық қызмет жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ата-аналар, педагогтер және құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланыс күшейтілуде. Сонымен қатар мектептерде буллингтің алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында цифрлық мониторинг жүйелері енгізілуде.
Кеңес барысында балаларды қорғау ісінде жүйелі тәсілдің маңызы ерекше атап өтілді. Прокуратура бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында барлық деңгейдегі профилактикалық жұмыстар біріздендіріліп, ювеналдық полиция инспекторларының мектептермен өзара әрекеті күшейтілетіні айтылды. Бұл оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға және ерте араласу тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Динара Закиева өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балаларды қорғау саласында жүйелі саясат қалыптасқанын атап өтіп, бұл бағытта бірқатар заңнамалық және институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, баланың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.
Қазіргі таңда облыстың барлық аудан-қалаларында 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Бұл орталықтар отбасы институтын нығайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және әлеуметтік қолдауға бағытталған кешенді қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында тәуекелдерді ерте анықтауға арналған цифрлық платформалар енгізілуде. Бұл жүйелер буллингті анықтау, психоэмоционалдық мониторинг жүргізу және оқушыларға дер кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа бағыттардың бірі ретінде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «Cheker» жүйесі таныстырылды. Ол деструктивті мінез-құлық пен зиянды контентті ерте анықтауға арналған.
Жиында мектеп психологтарының жұмысына ерекше назар аударылып, әрбір баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау және жүйелі сүйемелдеу қажеттігі айтылды. Сонымен бірге формалды көзқарас пен жауапсыздыққа жол берілмейтіні ескертіліп, мұндай жағдайлар басқарушылық деңгейде қаралатыны атап өтілді.
Ата-аналардың рөлі де кеңінен сөз болды. Мамандар баланың ішкі күйін ең алдымен отбасы сезінетінін айтып, бұл бағыттағы жауапкершілік қоғамның барлық мүшесіне ортақ екенін жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар ұсыныстарын білдіріп, алдағы кезеңде балаларды қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру, барлық сала арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізу жөнінде ортақ келісімге келді.
Негізгі мақсат – әрбір баланың қауіпсіз, қолайлы және дамуына мүмкіндік беретін ортада өмір сүруін қамтамасыз ету.
