Түркістан облысы Шардара ауданының Көксу ауылында көптен күткен маңызды әлеуметтік-мәдени нысан – жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін дамытуға, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және елді мекеннің қоғамдық белсенділігін күшейтуге бағытталған ірі жобалардың бірі ретінде іске асты.
Көксу ауылы 2024 жылы облыстық деңгейде өткен «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанып, өңір бойынша жоғары бағаланған елді мекендердің бірі болды. Осы жетістіктің нәтижесінде ауылды дамытуға облыстық бюджет есебінен 2025 жылы бір әлеуметтік нысан салу жоспарға енгізілген болатын. Бұл шешім жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен ауылдың нақты қажеттіліктерін ескере отырып қабылданды.
Ауыл тұрғындарының ортақ пікіріне сәйкес, ұзақ жылдар бойы бос тұрған бұрынғы кеңшардың екі қабатты ғимаратын қайта жаңғыртып, оны заманауи мәдени орталыққа айналдыру ұсынысы қолдау тапты. Осылайша қолданыстағы нысанды тиімді пайдалану арқылы ауылға жаңа өмір сыйлаған маңызды жоба жүзеге асты.
Жөндеу және жаңғырту жұмыстары барысында ғимараттың ішкі-сыртқы бөлігі толық ретке келтіріліп, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым жасақталды. Нысанның ішкі кеңістігі көпфункционалды қызмет көрсетуге бейімделіп, ауыл тұрғындарының түрлі бағыттағы қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік беретін орталыққа айналды.
Бүгінде Көксу ауылындағы жаңа мәдениет үйі бір ғана мәдени нысан емес, тұтас ауылдың қоғамдық өмірінің орталығына айналып отыр. Мұнда кітапхана жұмыс істейді, тұрғындар үшін ақпараттық және танымдық ресурстарға қолжетімділік қамтамасыз етілген. 100 орындық акт залы ауылдық деңгейдегі жиындар, мерекелік іс-шаралар мен кездесулер өткізуге толық мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мәдениет үйінде «AMANAT» партиясының бастауыш ұйымы өз жұмысын жүргізіп, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуға жағдай жасалған. Ауыл жастары мен өнерпаздары үшін көркемөнерпаздар үйірмелері ұйымдастырылып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жол ашылған. Бұл ауылдағы мәдени өмірдің жандануына және жастардың белсенділігін арттыруға үлкен ықпал етуде.
Орталықта әлеуметтік бағыттағы қызметтер де қамтылған. Атап айтқанда, әлеуметтік дүкен жұмыс істеп, тұрғындарға күнделікті қажетті тауарларды қолжетімді бағамен ұсынуда. Мұның өзі ауыл халқының әлеуметтік тұрмысын жеңілдетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Жаңа мәдениет үйі ауылдың тек рухани ғана емес, әлеуметтік және қоғамдық дамуына да серпін беріп отыр. Мұнда түрлі кездесулер, қоғамдық талқылаулар, жастар форумдары, мерекелік және патриоттық шаралар өткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, қоғамдық белсенділікті арттыруға ықпал етуде.
Көксу ауылындағы бұл жоба – мемлекет қолдауы мен жергілікті бастаманың үйлесімді нәтижесі. Қолда бар ескі ғимаратты қайта жаңғырту арқылы жүзеге асқан бұл бастама тиімділік пен үнемділіктің үлгісі ретінде бағалануда.
Жалпы алғанда, жаңа мәдениет үйі Көксу ауылының келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттырып, ауылдың дамуына тың серпін берген маңызды орталыққа айналды. Бұл нысан алдағы уақытта да ауылдың рухани тірегіне айналып, елді мекеннің өркендеуіне қызмет етпек.
