Сарыағаш ауданында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында кең көлемді «Таза қала» экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Игі бастама аудан орталығы мен ауылдық округтерді қамтып, бір мезетте бірнеше бағытта жүргізілді. Шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шермат Ибрагимов, депутаттар корпусы, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер және жергілікті тұрғындар белсене қатысты.
Ауқымды акция барысында қала көшелері мен ауыл ішіндегі жолдар, қоғамдық орындар, саябақтар мен демалыс аймақтары тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды. Көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің аулалары ретке келтіріліп, қураған ағаш бұтақтары кесілді, жол жиектері мен арық-атыздар тазаланды. Сонымен қатар, балалар ойын алаңдары мен көпшілік жиналатын орындар да санитарлық талаптарға сәйкес абаттандырылды.
Шара аясында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Елді мекендерде отырғызылған ағаш көшеттері суғарылып, олардың күтіміне жауапты арнайы топтар бекітілді. Жол бойларындағы шөптер шабылып, жасыл аймақтарды кеңейту және күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл өз кезегінде ауданның көркін арттырып қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға да ықпал етеді.
Тазалық жұмыстарына арнайы техникалар жұмылдырылып, жиналған қоқыс белгіленген полигондарға уақтылы шығарылды. Коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, барлық жоспарланған аумақтар қамтылды.
Шара барысында аудан басшылығы тазалық пен тәртіпті сақтау тек бір күндік акция емес, тұрақты мәдениетке айналуы қажет екенін атап өтті. Экологиялық жауапкершілік әрбір тұрғынның күнделікті өмір салтына айналса ғана нәтижелі болатыны айтылды. Сондай-ақ, жастардың белсенділігіне ерекше тоқталып, олардың мұндай бастамаларға қатысуы болашақта экологиялық сананың қалыптасуына зор әсер ететіні жеткізілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл іс-шара Сарыағаш ауданында жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Алдағы уақытта да сенбіліктер, ағаш отырғызу және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып, ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жалғасын табады.
