Түркістан қалалық орталық ауруханасында Қазақстан медицинасы тарихында маңызды қадам жасалып, алғаш рет EKOS тамырішілік ультрадыбыстық тромболизис технологиясы қолданылған жоғары технологиялық ота сәтті жүзеге асырылды. Бұл жаңашыл әдіс заманауи ангиохирургиядағы ең тиімді шешімдердің бірі саналып, қан тамырларындағы тромбтарды қауіпсіз әрі жылдам ерітуге мүмкіндік береді.
Аталған күрделі медициналық араласу Алматы қаласындағы Artven клиникасының тамыр хирургы, PhD докторы Азимбаев Ғалимжан Сайдуллаұлы мен Түркістан облысының тәжірибелі ангиохирург дәрігерлерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде, шеберлік сабағы форматында өткізілді. Бұл тек бір операция ғана емес, сонымен қатар жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа технологияларды тәжірибеге енгізуге бағытталған маңызды оқыту алаңы болды.
Ота жасалған науқас ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер тексеру барысында оның мықын венасынан бастап оң жүрекшесіне дейін созылған көлемді тромбтық түзілістерді анықтаған. Мұндай жағдай қан айналымының күрт бұзылуына, жүрекке түсетін шамадан тыс жүктемеге және өмірге тікелей қауіп төндіретін асқынуларға әкелуі мүмкін. Ең үлкен қауіп – тромбтың үзіліп кетіп, өкпе артериясына немесе басқа да өмірлік маңызды мүшелерге жетуі болатын.
Осындай күрделі клиникалық жағдайда дәрігерлер шешуші қадам ретінде EKOS технологиясын қолданды. Бұл әдістің ерекшелігі – ультрадыбыстық энергия мен дәрілік тромболизисті біріктіре отырып, тромб құрылымын іштен бұзу және оны тез әрі тиімді еріту мүмкіндігіне ие болуы. Процедура барысында арнайы катетер қан тамырына енгізіліп, ультрадыбыстық тербелістер арқылы тромбтың тығыз құрылымы әлсіретіледі. Артынша тромболитикалық препараттар тікелей әсер ету аймағына жеткізіліп, қан ұйығын біртіндеп еріту процесі басталады.
Бұл кешенді тәсілдің басты артықшылығы – емдеу уақытын қысқартып қана қоймай, науқастың ағзасына түсетін инвазивтік жүктемені азайтуы және өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуы. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай технологиялар дәстүрлі хирургиялық әдістермен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз әрі тиімді.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты деп бағалануда және ол дәрігерлердің қатаң бақылауында. Алдағы 10–12 сағат ішінде ем нәтижесіне толық медициналық баға беріледі.
Бұл оқиға Түркістан өңіріндегі денсаулық сақтау жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін айқын көрсетеді. EKOS сияқты халықаралық деңгейдегі технологияларды енгізу өңірлік ауруханалардың мүмкіндігін кеңейтіп, ауыр науқастарды емдеу сапасын арттыруға жол ашуда.
Сонымен қатар, мұндай шеберлік сабақтары мен бірлескен операциялар жергілікті дәрігерлер үшін үлкен тәжірибе мектебі болып табылады. Бұл өз кезегінде кадрлық әлеуетті күшейтіп, өңірде жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады.
Түркістанда жүзеге асып жатқан мұндай инновациялық жобалар медицинаның дамуына серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі реформалардың нақты нәтижесі екенін көрсетеді.
