Кентау қаласында республикалық деңгейдегі ерекше форматтағы «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының салтанатты ашылуы мен іріктеу кезеңі ұйымдастырылып, Түркістан өңірі еліміздегі ең ірі білім алаңдарының біріне айналды. Іс-шара Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Ашық аспан астында өткен бұл зияткерлік дода жастардың білімге деген қызығушылығын арттыруды, олардың логикалық ойлау қабілетін дамыту мен бәсекеге қабілетті зияткер буынды қалыптастыруды мақсат еткен ауқымды жоба ретінде ерекшеленді. Ойынға Қазақстанның 7 өңірінен және Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан келген 500-ге жуық команда, жалпы саны 2500-ге жуық жас қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар мұндай интеллектуалды алаңдардың жастардың тек білім деңгейін көтеріп қана қоймай, ел болашағын қалыптастыратын ойлы, білімді, көшбасшы буынды тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, білімге ұмтылған жастардың белсенділігі мемлекет дамуының негізгі қозғаушы күші екені айтылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қабілеттерін шыңдау, логикалық ойлау жүйесін жетілдіру және елімізде интеллектуалды орта қалыптастыру. Жоба жастарды түрлі пәндік және логикалық тапсырмалар арқылы сынға салып, олардың білімін тереңдетуге және жылдам шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған.
Іріктеу кезеңі барысында командалар бірнеше турдан өтіп, күрделі сұрақтарға жауап беріп, өзара жоғары деңгейде бәсекелесті. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен 45 үздік команда келесі кезеңге жолдама алды. Олар енді Түркістан қаласында өтетін 1/8 финалдық кезеңде бақ сынайды. Жобаның жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрайды, бұл қатысушылардың қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.
«AL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл 8-рет ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын кеңейіп келе жатқан жоба бүгінде тек республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де назар аудартуда. Қатысушылар санының рекордтық көрсеткішке жетуі жобаны Гиннестің рекордтар кітабына енгізу бойынша ұсыныс жасауға негіз болып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба тек жарыс емес, жастарды біріктіретін үлкен интеллектуалды платформа. Мұнда қатысушылар тек білімдерін сынап қана қоймай, жаңа достар табады, тәжірибе алмасады және өз қабілеттерін жаңа қырынан танытады.
Кентауда өткен биылғы дода жастардың білімге деген ынтасын күшейтіп, өңірдегі интеллектуалды ортаның дамуына тың серпін берді. Мұндай жобалар Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыруға және болашақ мамандарды сапалы даярлауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
