Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз жалғасын табуда. Осы ретте, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Мақтаарал ауданында ірі өндірістік парктың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.
Өндірістік парк құрылысы үшін жалпы аумағы 2 гектар жер телімі бөлініп, оның аумағында өндірістік мақсаттағы 5 ангар салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын «Нүрі-Л-Жетісай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр.
Жуырда аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның іске асырылу барысымен танысты. Ол құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуын ерекше бақылауға алып, жауапты мердігер мекемеге нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда барлық жұмыстар жоспарға сәйкес орындалып, құрылыс қарқыны тұрақты сақталған.
Бүгінде өндірістік парктегі 5 ангардың екеуінде жабын жұмыстары басталған. Қалған нысандарда іргетас құю және құрылымдық жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың 1 мамырына жоспарланған. Осы мерзімге дейін барлық құрылыс-монтаж жұмыстары мен инженерлік инфрақұрылым жүйелері толық аяқталып, өндірістік парк пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Аталған өндірістік парк тек құрылыс нысаны ғана емес, болашақта бірнеше ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын маңызды өндірістік алаңға айналмақ. Жоба аясында түрлі бағыттағы кәсіпорындарды іске қосу көзделген. Атап айтқанда, «EL KZ-2020» ЖШС су мұнараларына арналған құбырлар өндіретін зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «BSS Express» ЖШС тарапынан термопанельдер, кафель және бетон бұйымдарын шығаратын өндіріс орны іске қосылады. Бұл құрылыс саласына қажетті материалдардың жергілікті жерде өндірілуін қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.
Өндірістік парк аумағында «Нұрғазы» жеке кәсіпкерлігі заманауи тоңазытқыш кешенін салуды жоспарлап отыр. Бұл кешен көкөніс пен ет өнімдерін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын сақтауға және нарыққа тұрақты жеткізілуіне жағдай жасайды.
Бұдан бөлек, «Жайлимшиева Сәуле» жеке кәсіпкерлігі мұзқант (набат) өндіру цехын іске қосса, «Данияр» жеке кәсіпкерлігі полиэтилен қапшықтарын өндіретін өндіріс орнын ашуды көздеп отыр. Бұл жобалар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасайды.
Айта кету керек, аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында кәсіпкерлермен тиісті меморандумдар түзілген. Бұл өз кезегінде жобалардың нақты іске асырылуына және өндірістік парктің толыққанды жұмыс істеуіне негіз болады.
Жалпы алғанда, Мақтаарал ауданында салынып жатқан өндірістік парк өңір экономикасын дамытуда стратегиялық маңызы бар жоба болып табылады. Ол жаңа өндірістерді шоғырландырып, кәсіпкерлік белсенділікті арттырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін болады.
