Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы аптада өңір көлемінде ұйымдастырылған «Таза қала» және «Таза ауыл» акциялары бұл бағыттағы ауқымды бастамалардың нақты көрінісіне айналды. Аталған шаралар облыс орталығы мен барлық аудан, қалаларды қамтып, көпшіліктің белсенді қатысуымен өтті.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылған жұмысшы топтар сауда орындары мен базарлар аумақтарында санитарлық жағдайды бақылауға алып, тазалық деңгейіне мониторинг жүргізді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, тұрғындардың қатысуымен өткен сенбіліктер аясында аулалар, көшелер, қоғамдық орындар мен демалыс аймақтары тазартылып, кең көлемді абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы акцияларға 41 мыңнан астам адам қатысып, 272 арнайы техника жұмылдырылды. Осындай бірлескен еңбектің нәтижесінде өңірде 2 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, қоршаған ортаның тазалығы айтарлықтай жақсарды. Бұдан бөлек, көгалдандыру жұмыстары да қарқын алды: 31 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылып, 69 мың ағаштың түбі әктелді. Бұл көрсеткіштер экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі болып саналады.
Аппараттық мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров тазалық мәселесіне ерекше тоқталып, сауда орындары мен қоғамдық кеңістіктерде санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, ретсіз сауда орындарын жою, қоқыс көп жиналатын нүктелерді анықтау және ол жерлерге бейнебақылау жүйелерін орнату қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, кейбір сауда орталықтарында санитарлық талаптардың сақталу деңгейі әлі де төмен. Сонымен қатар, техникалық қауіпсіздік талаптарының орындалмауы және ретсіз сауда сияқты заңбұзушылықтар анықталған. Бұл кемшіліктерді жою үшін жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынған.
Айта кету керек, алдағы кезеңде «Таза аула» акциясын өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама тұрғындардың өз аулалары мен тұрғылықты аумақтарының тазалығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Жалпы, өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалықты сақтау және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру – басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
Осылайша, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек бір реттік науқан емес, тұрақты әрі кешенді жұмыс ретінде қалыптасып келеді. Халықтың белсенді қатысуы мен жергілікті биліктің жүйелі ұйымдастыруының арқасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
