Түркістан облысында спортты дамыту және жас таланттарды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейде жетістікке жетіп жүрген жас теннисші, әлемдік рейтингте 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында үздік 10-дыққа енген, нақтырақ айтқанда 9-орын иегері Заңғар Нұрланұлын арнайы қабылдады.
Кездесу барысында өңір басшысы жас спортшының халықаралық ареналардағы табыстарына жоғары баға беріп, оның жетістіктері бүкіл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті. Әкім Заңғардың Аустралия және АҚШ ашық чемпионаттарының жасөспірімдер арасындағы жартылай финалына дейін жетіп, түрлі халықаралық турнирлерде жеңіске жетуі – жүйелі еңбектің нәтижесі екенін айтты.
– Аустралия, АҚШ және басқа да елдердегі жарыстардағы жеңістеріңізге қуаныштымыз. Сіздің табыстарыңыз Түркістан жұртшылығы үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін үлкен мақтаныш. Біз сіз секілді талантты жастарды әрдайым қолдауға дайынбыз. Алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз. Үлкен дулыға турнирлерінде биік белестерді бағындырып, әлемдік теннистің жұлдыздары қатарынан көрінуіңізге тілектеспіз, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының қарқынды дамып келе жатқанын, спорт инфрақұрылымы кеңейіп, жаңа заманауи спорт нысандары салынып жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл нысандар алдағы уақытта ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондардың қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді.
Кездесу барысында жас спортшы Заңғар Нұрланұлы да өз жоспарларымен бөлісті. Ол қазіргі таңда жарақатынан толық айығып, қайта жаттығу процесіне кіріскенін айтып, алдағы халықаралық жарыстарға тың дайындықпен қатысуды көздеп отырғанын жеткізді.
– Менің басты мақсатым – еліміздің атын әлемге танытып, көк Туымызды биікке көтеру. Шетелде жүрсем де, туған жердің қолдауын әрдайым сезінемін. Барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін, – деді жас теннисші.
Кездесу барысында Заңғар Нұрланұлы облыс әкіміне қолтаңбасы қойылған теннис ракеткасын сыйға тартып, ерекше ілтипат көрсетті. Бұл сыйластық спорт пен елдік рухтың, жас буын мен билік арасындағы өзара қолдаудың көрінісі болды.
Жас спортшының әкесі әрі жеке менеджері Нұрлан Момбеков те сөз алып, ұлының кәсіби дамуы жолындағы еңбектер жайлы айтып өтті. Оның айтуынша, Заңғардың спорттық мансабын дамыту мақсатында соңғы алты жыл бойы Еуропада тұрақты түрде жаттығу жүргізіліп келеді.
– Баламыз “Түркістан теннис клубы” мемлекеттік мекемесіне тіркелген. Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Ол кәсіби тұрғыда дамып келеді, тәжірибесі де артып жатыр. Алдағы мақсатымыз – ересектер арасындағы жарыстарға өтіп, Олимпиада ойындарында ел намысын қорғау, – деді ол.
Сонымен қатар, Нұрлан Момбеков Қазақстан теннисінің қарқынды дамып келе жатқанын, жас спортшыларға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Ол Түркістан өңіріндегі оң өзгерістерге тоқталып, өңір басшылығына алғысын білдірді.
Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы – жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингтің үздік 10 теннисшісі қатарына енген тұңғыш қазақ спортшысы. Ол халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі бірнеше ірі жарыстың жүлдегері атанған.
Бұл кездесу жас спортшыларды қолдау, олардың кәсіби дамуына серпін беру және елімізде бұқаралық спортты дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.
