Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасы және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жер қойнауын қорғау мен табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудың алдын алу жөніндегі нақты тапсырмаларын орындау аясында өңірде ауқымды рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа Түркістан облысы Өнеркәсіп басқармасы, Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және облыстық полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы бірлесе қатысты.
Рейдтің негізгі мақсаты – жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау, табиғи ресурстарды қорғау және кен өндіру саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету. Іс-шара барысында заманауи бақылау технологиялары қолданылып, соның ішінде қашықтан басқарылатын дрон құрылғысы арқылы таулы және қолжетімі қиын аумақтар әуеден тексерілді. Бұл тәсіл жасырын жүргізілетін заңсыз әрекеттерді анықтауға және бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Тексеру нәтижесінде Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылдық округі, Ойық елді мекені аумағында заңсыз пайдалы қазба өндіру дерегі анықталды. Тергеу барысында белгілі болғандай, екі жергілікті тұрғын «барит» атты қатты пайдалы қазбаны өндіру жұмыстарын тиісті лицензиясыз және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартсыз жүзеге асырған. Сонымен қатар аталған заңсыз қызметке Өзбекстан Республикасының бір азаматы жұмыс күші ретінде тартылғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша жедел түрде құқықтық шаралар қабылданып, материалдар Кентау қалалық полиция бөліміне жолданды. Жүргізілген іс жүргізу нәтижесінде құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабы 2-бөлігі және 519-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал заңсыз еңбекке тартылған шетел азаматына қатысты 517-баптың 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары Кентау қалалық сотының қарауына жіберілді.
Сонымен қатар, тексеріс барысында «барит» кенін өндіру кезінде заң талаптарының сақталмауы, лицензиялық шарттардың бұзылуы және бақылаусыз өндірістік қызмет фактілері тіркелді. Осыған байланысты «Меридикт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген 2024 жылғы 22 қарашадағы №3002-EL «Қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған» лицензияны кері қайтарып алу мәселесі көтерілді. Тиісті шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми ақпарат жолданды.
Мамандардың айтуынша, барит секілді пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру тек экономикалық шығынға ғана емес, сонымен қатар экологиялық тепе-теңдікке де елеулі қауіп төндіреді. Жердің құрылымына зиян келуі, табиғи ландшафттың бұзылуы және өндіріс қалдықтарының ретсіз таралуы қоршаған ортаға ұзақ мерзімді кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу – мемлекеттік бақылау органдарының басты міндеттерінің бірі.
Жүргізілген рейдтік іс-шаралар өңірде жер қойнауын заңсыз пайдалануға қарсы күресті күшейтуге, табиғи ресурстарды заңды әрі тиімді пайдалану тәртібін қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік саласында ашықтықты арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта да мұндай бақылау шаралары жүйелі түрде жалғасып, заң бұзушылықтарға қатаң тосқауыл қойылатыны атап өтілді.
